Қазақстан мен Әзербайжан БАҚ-тары ынтымақтастықты нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Бакудегі Елшісі Алим Байел Әзірбайжан Республикасы Аудиовизуалдық кеңесінің төрағасы Исмет Саттаровпен кездесті. Аудиовизуалдық кеңес Әзербайжанда телерадио хабарларын тарату саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды және осы қызметті реттеуді қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақстан мен Әзербайжан БАҚ-тары ынтымақтастықты нығайтады
Фото: АР аудиовизуалдық кеңесі

Алим Байел екіжақты ынтымақтастықты көрсетуде БАҚ қызметінің ерекше маңыздылығын атап өтті және Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтарын тұрақты әрі сапалы жариялап отырғаны үшін Әзербайжан тарапына алғысын білдірді. Сонымен қатар Елші қазақстандық Jibek Joly телеарнасын Әзербайжанның 14 кабельдік операторы арқылы ретрансляциялауға көмектескені үшін алғысын білдірді. 

Сондай-ақ дипломат 24KZ және Qazaqstan International сияқты қазақстандық телеарналардың өз сигналдарын Әзербайжан аумағында ретрансляциялауға қызығушылық танытқаны туралы хабардар етті. Сондай-ақ Қазақстандағы әзербайжандық CBC TV телеарнасының хабар таратуын ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін білдірді. 

ынтымақтастық
Фото: АР аудиовизуалдық кеңесі

Өз кезегінде Исмет Саттаров Jibek Joly CNN және Euronews сынды батыстың танымал телеарналарымен қатар Әзербайжанда осындай кең тараған Орталық Азиядағы жалғыз телеарна екенін айтты. Ол сондай-ақ қазақстандық телеарналарды Azerspace спутнигіне қосуға көмектесуді ұсынды. 

Сонымен қатар Елші Әлім Байел «Балапан» телеарнасының өнімдерін Әзербайжанда көрсету туралы бастама көтерді. Исмет Саттаров қазақстандық анимациялық фильмдерді әзербайжан тіліне дубляждап, Әзербайжанда көрсету үшін аталған елдегі жалғыз балалар телеарнасы «Gunes» компаниясымен ынтымақтастық орнатуға көмектесуге дайын екенін білдірді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан Еуропаға мұнай жеткізуде басты рөл атқаратынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар