Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен туроператорды іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен «ТурАн» (TourAN) туроператорын іске қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.
Баку қаласында Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен туроператорын ресми түрде іске қосу рәсімі өтті. Жоба екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Құрылтай құжаттарына Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі ғимаратында қол қойылды.
Жаңа туроператордың жарғылық капиталы 100 мың АҚШ долларын құрайды. Үлестер тараптар арасында тең бөлінген. Компания қызметі экотуризм, мәдени және гастрономиялық турлармен қатар, медициналық және іскерлік туризм бағыттарын қамтиды.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байелдің айтуынша, бірыңғай туроператор құру екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, өңірдің халықаралық туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Оның сөзінше, соңғы жылдары өзара туризм бағытында тәжірибе алмасу жақсы нәтиже беріп отыр. Мұндай бастамалар туристер ағынын одан әрі ұлғайта түседі.
Дипломат 2024–2025 жылдары Бакуде Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен екі қазақ-әзербайжан туристік форумы өткенін еске салды. Үшінші форум 2026 жылы Түркістанда өтеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Әзербайжан арасында әуе қатынасы жақсы жолға қойылған. Аптасына 30-дан астам тікелей рейс орындалады.
«ТурАн» туроператорының іске қосылуы екі елдің туризм саласын дамытуда маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ инвестициялық белсенділікті арттырып, халықаралық нарыққа бірлескен туристік өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстанның Әзербайжанға келетін туристер санының өсуі бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұрғаны хабарланған болатын.