Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы жолаушылар тасымалын қайта іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Әзербайжан Құрық – Баку – Құрық бағытындағы паром желісі арқылы жолаушылар тасымалын қайта жандандыру бойынша жұмысты бастады.

в
Фото: СІМ

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Баку халықаралық теңіз портының (Алят порты) бас директоры Эльдар Салаховпен кездесіп, екі елдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесуде Алят порты мен Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арасындағы байланысты дамыту, контейнерлік тасымалды қоса алғанда, жүк көлемін арттыру және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Әлім Байел Қазақстанның Құрық – Баку – Құрық порттары арасындағы паром желісінде жолаушылар тасымалын жандандыру бастамасын қолдағаны үшін әзербайжан тарапына алғыс білдірді.

Бұған дейін Каспий теңізі арқылы осы бағыттағы жолаушылар тасымалын жылына шамамен 1 500 адам пайдаланған. Қазақстандық дипломат паром желісі қайта іске қосылғаннан кейін саяхатшылар саны артады деген сенім білдірді.

– Паром желісінің қайта іске қосылуы екі ел арасындағы жолаушылар қатынасының дамуына серпін беріп, туристік алмасуды күшейтеді және Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді, – делінген ақпаратта.

Эльдар Салахов Баку портының қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жолаушылар тасымалын қайта бастау бойынша жұмыс қазақстандық әріптестермен тығыз байланыста жүргізіліп жатыр.

Кездесуде Алят портында бірлескен интермодалды терминал салу мәселесі де көтерілді. Әлім Байел бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес терминал құрылысын жеделдетуге шақырды.

Баку портының бас директоры нысан құрылысының қазіргі жағдайы туралы мәлімет беріп, портты дамытудың бас жоспарын жаңарту аяқталғаннан кейін терминал құрылысы жалғасатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік-логистикалық байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды қолдауға және өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

Алят порты Бакуден оңтүстікке қарай 70 шақырым жерде орналасқан. Ол Каспий теңізіндегі Әзербайжанның негізгі заманауи теңіз логистикалық торабы әрі Еуропа, Кавказ, Орталық Азия және Қытайды байланыстыратын Орта дәліздің маңызды буыны саналады.

Айта кетейік, Қазақстан Әзербайжан арқылы энергия ресурстары транзитін арттырмақ.