Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбінен «жасыл» энергия кабелін қашан төсейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкеженов Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбінен «жасыл» энергия кабелін төсеу жобасының дайындық барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Каспийде әскери кемелер шеруі өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Әзербайжанмен негізгі ынтымақтастық тақырыбы — энергетика, ол мұнайды Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы қосымша маршрутпен тасымалдау және Каспий теңізінің түбінен «жасыл» энергия кабелін төсеу. Қазіргі уақытта кәсіпорын құрылды, техникалық-экономикалық негіздемеге қаржы бөлінді, — деді министр Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, қаражат екі банк тарапынан бөлінді, соның ішінде Азия даму банкі.

— Қазір техникалық-экономикалық негіздеме дайындалу мәселесі қарастырылып жатыр. Ол аяқталған соң жобаның нақты құны белгілі болады да, шешім қабылданады, — деді Ақкеженов.

Еске салсақ, 20–21 қазан күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Жалпы сапар аясында энергетика, көлік пен логистика, цифрландыру және жасанды интеллект, өнеркәсіп қауіпсіздігі, денсаулық сақтау мен статистика, мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларында 15 ынтымақтастық құжатқа қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар