Қазақстан мен Әзербайжан Күрес федерациялары ынтымақтастықты кеңейтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов бастаған делегация 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысу және бірқатар жұмыс кездесуін өткізу мақсатында Әзербайжан астанасы Бакуға барды.
Сапар барысында Е.Оқасов және Қазақстанның Бакудағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасының экономика министрі, Әзербайжан күрес федерациясының басшысы Микаил Джаббаровпен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөзде ұлттық құрамаларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, бапкерлер мен сала мамандарының тәжірибе алмасуы, сондай-ақ жасөспірімдер күресін дамытуға бағытталған ортақ жобалар талқыланды.
Кездесу қорытындысында екі федерация арасында бауырлас елдер үшін дәстүрлі де маңызды спорт түрі саналатын күрес саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум екі елдің арасындағы спорттық байланысты жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық құрамалардың бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне, халықаралық жарыстарға қатысуына және спортшылар даярлау тәжірибесімен алмасуына мүмкіндік бермек.
Атап айтқанда, тараптар жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, спорттық медицина, спортшылардың денсаулығын сақтау, тамақтану, психологиялық дайындық және нәтижелерді сараптау бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Сонымен қатар әйелдер және жасөспірімдер күресін қолдау, бұқаралық жобаларды жүзеге асыру, дарынды спортшыларды даярлау мен Олимпиадаға даярлау жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл келісім Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дәстүрлі достық байланыстың спорт саласындағы жалғасы болып, екі ел балуандары мен мамандары үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады деп жоспарланған.
Айта кету керек, Бакуда басталған 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының 30 балуаны грек-рим, еркін және әйелдер күресінен сынға түседі.
Қазақстан құрамасындағы екі балуан U17 әлем чемпионатының жартылай финалына шыққанын жазған едік.