Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Әзербайжан экономиканың жаңа моделін қалай қалыптастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өнеркәсіп, өңдеу, логистика және цифрлық технологияларды дамытуға басымдық берсе, Әзербайжан көлік, «жасыл» энергетика және туризмге мән беріп отыр. Қос елдің бұл жобалары экономиканы әртараптандыруға қаншалықты әсер етеді? Тақырыпты Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі тарқатты.

Нефтяное наследие и новая экономика: опыт Казахстана и Азербайджана
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Мұнайдан тыс экономика

Қазақстан экономикасы жалпы ішкі өнім көлемі жағынан Әзербайжан экономикасынан шамамен үш есе ауқымды болғанымен, қос елдің алдында ортақ міндет тұр. Оның қатарында мұнай-газ секторының экономикадағы жоғары үлесін азайту, жаңа өсім көздерін қалыптастыру және шикізат бағасының құбылмалылығына тәуелділікті төмендету бар.

Сондықтан Қазақстан мен Әзербайжан үшін экономиканы әртараптандыру қысқа мерзімді міндет емес, ұзақ мерзімді даму стратегиясына айналды. Бұл бағыт екі елдің де стратегиялық құжаттарында бекітіліп, экономиканың жаңа секторларын дамытуға басымдық беріліп отыр.

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында экспортқа бағытталған шикізаттық модельдің ұзақ мерзімді өсім әлеуеті біртіндеп төмендеп келе жатқаны атап өтілген. Мәселен, 2022 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің 15 пайыздан астамы, ал экспорттың шамамен 70 пайызы минералдық-шикізаттық кешенге тиесілі болған. Осыған байланысты өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, цифрлық экономика, инновациялар мен туризм жаңа экономикалық драйверлер ретінде белгіленді.

Әзербайжан да мұнайдан тыс секторды күшейтуге бағытталған саясатты жүргізіп келеді. Мемлекеттік статистика комитетінің дерегіне сәйкес, өткен жылы мұнай-газ секторының жалпы қосылған құны 1,6 пайызға төмендесе, мұнай-газға жатпайтын сектор 2,7 пайызға өскен. Бұл ел экономикасында шикізаттық емес салалардың біртіндеп күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Әртараптандырудың екі моделі

Экономиканың шикізат секторына тәуелділігін азайту – Қазақстан мен Әзербайжанға ортақ стратегиялық мақсат. Алайда екі ел бұл міндетті өздерінің экономикалық әлеуеті мен географиялық артықшылықтарына сүйене отырып, әртүрлі жолмен жүзеге асырып келеді.

Мәселен, Қазақстан өңдеу өнеркәсібін дамытуға, шикізатты терең өңдеуге, аса маңызды минералдарды игеруге және экономиканы цифрландыруға басымдық беруде. Сонымен қатар жасанды интеллектіні енгізу, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту және транзиттік әлеуетті кеңейту де жаңа өсім бағыттары ретінде қарастырылған.

Бұл мақсаттар 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында нақты көрсеткіштермен бекітілген. Құжат экономиканың көлемін 450 млрд долларға дейін ұлғайтуды, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын 37,9 млрд долларға, транзиттік тасымал көлемін 43 млн тоннаға, IT-қызметтер экспортын 1,8 млрд долларға жеткізуді көздейді. Сондай-ақ негізгі капиталға салынатын инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесін 23 пайызға дейін арттыру жоспарланған.

Әзербайжан болса, өзінің географиялық орналасуын негізгі артықшылықтарының бірі ретінде пайдаланып отыр. Еуропа мен Азия арасындағы көлік бағыттарының тоғысында орналасқан ел халықаралық логистиканы, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) және «Алят» еркін экономикалық аймағын дамытуға басымдық беруде. Бұған қоса индустриялық парктер, мұнай-химия кешені, туризм және жаңартылатын энергетика жобалары экономиканың мұнайдан тыс секторын күшейтудің негізгі бағыттарына айналып отыр.

Ұлттық қор – қаржылық тұрақтылықтың факторы

Қазақстан мен Әзербайжан үшін мұнай-газ кірістерін басқарудың негізгі құралдарының бірі – ұлттық қор. Олар мұнай бағасының құбылмалы кезеңдерінде қаржылық тұрақтылықты сақтауға, ұзақ мерзімді резерв жинауға және табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін ел дамуына бағыттауға мүмкіндік береді.

логистика Казахстан и Азербайджан
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Қазақстанда бұл міндетті Ұлттық қор атқарады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қор активтері 73,8 млрд долларға жетіп, бір жылда 11,46 пайызға, яғни 7,59 млрд долларға өсті. Қордың инвестициялық кірісі 8,7 млрд долларды құрап, жылдық кірістілігі 15,09 пайыз болды. Бұл – қор тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сонымен бірге Ұлттық қордан республикалық бюджетке 5,25 трлн теңге, яғни шамамен 10,5 млрд доллар аударылды. Оның 2 трлн теңгесі кепілдендірілген трансфертке, 3,25 трлн теңгесі нысаналы трансфертке бағытталды.

Бұл Қазақстан үшін маңызды тепе-теңдікті талап етеді. Өйткені мұнай кірісі бюджет міндеттемелерін орындауға және экономиканы дамытуға жұмсалуы тиіс, бірақ бюджет кірістерінің Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділігі де біртіндеп азаюы қажет. Сондықтан қор қаражатын басқару экономиканың жаңа өсім көздерін қалыптастыру міндетімен тікелей байланысты.

Әзербайжанда осы функцияны 1999 жылы құрылған Мемлекеттік мұнай қоры (SOFAZ) атқарады. Қор мұнай-газ ресурстарынан түсетін кірістерді жинақтап, стратегиялық жобаларды қаржыландыруға және ұлттық байлықтың бір бөлігін болашақ ұрпаққа сақтауға бағытталған.

2025 жылдың соңында SOFAZ активтері 73,54 млрд долларға жетіп, бір жылда 22,5 пайызға өсті. Қордың кірістері шамамен 22,1 млрд долларды, шығыстары 8,6 млрд долларды құрады. Инвестициялық кіріс 4,1 млрд долларға жетіп, инвестициялық портфельдің кірістілігі 6,2 пайыз болды. Сол жылы мемлекеттік бюджетке шамамен 8,5 млрд доллар аударылды.

Қос тараптың қорында елеулі қаржылық ресурс жинақталған. Ол инфрақұрылымды жаңартуға, экономиканы дамытуға және жаңа өсім бағыттарына инвестиция салуға мүмкіндік береді. Дегенмен ұзақ мерзімді мақсат қор көлемін ұлғайтумен шектелмейді. Негізгі міндет – мұнай нарығындағы циклдік өзгерістердің әсері аз, тұрақты әрі әртараптандырылған экономикалық негіз қалыптастыру.

Сарапшылар не дейді?

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан мен Әзербайжан көмірсутек өндіруші елдер ретіндегі позициясын сақтай отырып, экономикалық өсімнің жаңа моделіне біртіндеп көшіп жатыр. Бұл модельде мұнай-газ секторы әлі де маңызды рөл атқарады, бірақ экономиканың негізгі әрі жалғыз драйвері ретінде қарастырылмайды.

Trend халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторының орынбасары Ляман Зейналованың айтуынша, Әзербайжан соңғы жылдары экономиканы әртараптандыруда айтарлықтай нәтижеге жеткен.

– Бірнеше жыл бұрын мұнайға жатпайтын салалар елдің жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын ғана құраса, қазір олардың үлесі 70 пайыздан асып отыр, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл өсімге көлік пен логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, өңдеу өнеркәсібі, цифрлық технологиялар және жаңартылатын энергетика салалары ықпал етіп отыр. Қазақстанда да ұқсас үдеріс байқалады.

– Қазақстан өңдеу өнеркәсібін, көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамытуға басымдық беріп, экономиканы шикізат өндіруге емес, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттап келеді, – деп атап өтті Ляман Зейналова.

Ляман Зейналова
Фото: Ляман Зейналованың жеке мұрағатынан

«Region Plus» сараптамалық журналы экономика бөлімінің басшысы Нурлана Гулиева екі елдің әртараптандыруға бет бұруына ортақ факторлар әсер етіп отырғанын атап өтті.

– Қазақстан мен Әзербайжан ұзақ уақыт бойы ұқсас модель бойынша дамыды. Көмірсутек экспортынан түскен кірістер ірі мемлекеттік мұнай-газ компанияларын құруға, ұлттық қор қалыптастыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік берді. Алайда бюджет пен экспорттың әлемдік энергия бағаларына тәуелділігі экономиканы әртараптандыруды стратегиялық қажеттілікке айналдырды. Ендігі міндет – мұнайға жатпайтын сектордың үлесін арттырумен қатар, сыртқы нарыққа шығып, тұрақты валюталық түсім әкелетін жаңа салаларды қалыптастыру, – деді сарапшы.

Бұл міндетті жүзеге асыруда екі елдің бастапқы мүмкіндіктері әртүрлі. Гулиеваның пікірінше, Қазақстанның басты артықшылықтары – ауқымды ресурстық база, жоғары аграрлық әлеует пен аса маңызды минералдардың мол қоры. Бұл металлургия, мұнай-газ химиясы, машина жасау және шикізатты терең өңдеу салаларын дамытуға мүмкіндік береді.

– Қытаймен тікелей құрлықтық шекараның болуы және Еуразиядағы ірі көлік бағыттарына қатысуы да Қазақстанның маңызды артықшылықтарының бірі болып қала береді, – деп атап өтті ол.

Әзербайжан болса, географиялық орналасуы мен бұрыннан қалыптасқан инфрақұрылымын экономиканы дамытуға тиімді пайдаланып отыр. Оның ішінде Қарабақ пен Шығыс Зангезурды қалпына келтіру жаңа экономикалық белсенділік нүктелерін қалыптастырып келеді.

– Мұнда жаңа қалалар, көлік және энергетикалық инфрақұрылым, индустриялық аймақтар мен заманауи өндірістік алаңдар құрылып жатыр, – деді Нурлана Гулиева.

Нурлана Гулиева
Фото: Нурланы Гулиеваның жеке мұрағатынан

Сарапшылар екі ел үшін де бір-бірінің тәжірибесін пайдалану маңызды екенін айтады. Ляман Зейналованың пікірінше, Қазақстанның өнеркәсіптік кооперация мен қайта өңдеу өндірістерін дамыту тәжірибесі Әзербайжанға пайдалы болуы мүмкін. Ал Қазақстан халықаралық көлік дәліздері мен заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамытуда Әзербайжанның тәсілдерін пайдалана алады.

Нурлана Гулиева тәжірибе алмасу аясын кеңейтуге болатынын айтты.

– Қазақстанға Әзербайжанның кешенді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және көлік пен энергетикалық саясатты үйлестіру тәжірибесі пайдалы болуы мүмкін. Ал Әзербайжан Қазақстанның өнеркәсіптік кластерлер қалыптастыру, тау-кен кешенін дамыту және өңдеу өнеркәсібіне ірі халықаралық инвесторларды тарту тәсілдерін пайдалана алады, – деді сарапшы.

Әртараптандырудағы ортақ бағыт

Әртараптандыру Қазақстан мен Әзербайжан үшін тек ішкі экономикалық міндет емес, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің де жаңа бағытына айналып отыр. Екі ел шикізат экспортына тәуелділікті азайтуды көздегенімен, бұл мақсатқа өздерінің ресурстық, географиялық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне сүйене отырып, әртүрлі жолмен жетуде.

Бұл айырмашылық экономикаларды бір-бірін толықтыратын серіктестікке мүмкіндік береді. Қазақстанның ауқымды ресурстық базасы, ішкі нарығы және Орталық Азиядағы көлік әлеуеті болса, Әзербайжан Каспий теңізі мен Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропа нарықтарына шығатын маңызды буын саналады. Осы мүмкіндіктерді ұштастыру көлік, өндіріс және энергетика салаларындағы жаңа байланыстарды дамытуға жол ашады.

Сол бағыттардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту. Қазақстан мен Әзербайжан маршруттың өткізу қабілетін арттырып, тасымалды тиімді әрі цифрлық форматқа көшіруге күш салып келеді. Қазақстан, Әзербайжан және Грузия құрған Middle Corridor Multimodal бірлескен кәсіпорны тасымалды «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыруға бағытталған. Бұған қоса Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын талшықты-оптикалық желі тартылып жатыр. Жоба болашақта Еуропа мен Қытай арасындағы цифрлық дәліздің бір бөлігіне айналады.

Көлік байланысының дамуы өнеркәсіптік кооперацияға да жол ашып отыр. Мәселен, Әзербайжанның ATEF Group компаниясы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында кабельдер мен трансформаторлар шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Ол инвестиция көлемін арттырумен қатар, Қазақстанда өңірлік инфрақұрылымдық жобаларға қажетті өнім шығаратын жаңа өндіріс қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастықтың тағы бір перспективалы бағыты – энергетика. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр қуатын тасымалдап, Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін «Жасыл дәліз» жобасын дамытып жатыр. Биыл сәуірде Қазақстан тиісті келісімді ратификациялады. Құжат жаңартылатын энергетикамен қатар, экологиялық таза сутегі мен аммиакты өндіру, тасымалдау және саудалау салаларындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар энергетикалық жүйелерді байланыстыру және жаңа электр беру желілерін дамыту мәселелерін де қарастырып отыр.

энергетика, ВИЭ
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Осы жобалар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың шикізат саудасынан кеңірек сипат ала бастағанын көрсетеді. Орта дәліз көлік байланысын күшейтсе, өнеркәсіптік кооперация жаңа өндірістердің қалыптасуына, ал «Жасыл дәліз» энергетикалық серіктестіктің жаңа бағытын дамытуға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімде бұл бастамалар сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтып, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Еуропаны байланыстыратын жаңа логистикалық, өндірістік және энергетикалық тізбектердің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.