Қазақстан мен Әзірбайжан президенттері бірлескен декларацияға қол қойды
МАТЫ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстан мен Әзірбайжанның мемлекет басшылары бірлескен декларацияға, ал Сыртқы істер мен Көлік министрлері ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің айтуынша, бұл декларация екі елдің арасындағы қарым-қатынасты одан ары тереңдетуге тың серпін бермек. Сондай-ақ, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов пен Әзірбайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халық Қалыпов "Қазақстан Үкіметі мен Әзірбайжан Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер телімдерін өзара беру туралы" келісімге және екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Ал ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев пен Әзірбайжанның көлік министрі Зия Мамедов "Қазақстан Үкіметі мен Әзірбайжан Үкіметі арасындағы теңіз сауда қатынастары саласындағы ынтымақтастық туралы" келісімге өз қолдарын қойды. Жалпы бұған дейін де екі мемлекеттің арасында түрлі деңгейде 60 құжат қабылданған болатын.