Қазақстан мен Беларусь әскери-техникалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделі

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь шағын комиссиясының төртінші отырысы болды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан мен Беларусь әскери-техникалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделі

Пленарлық отырыстың жұмысына Қазақстан мен Беларусьтің бірқатар салалық министрліктерінің, ведомстволары мен қорғаныс кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Келіссөздер барысында қатысушылар Қазақстан-Беларусь әскери-техникалық ынтымақтастығының, қорғаныс-өнеркәсіптік кешендерін одан әрі дамытудың, сондай-ақ екі ел өзара іс-қимылының нормативтік-құқықтық базаларын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады.

Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру шеңберінде әскери-техникалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделілік білдірді.

Шағын комиссия төртінші отырысының қорытындысы бойынша тараптар тиісті екіжақты Хаттамаға қол қойды.