Қазақстан мен Беларус дағдарыстың ықпалынан төмендеп кеткен өзара тауар айналымының көлемін арттыруға күш салуы қажет - Н. Назарбаев
Президент бұл пікірін бүгін Минскіде Беларус басшысы Александр Лукашенкомен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының айтуынша, екі жақты қарым- қатынастың негізі сауда -экономикалық ынтымақтастықта жатыр. Соңғы он жылда Қазақстан мен Беларус арасындағы тауар айналымы 13 еседен астамға өскен. Алайда, әлемдік қаржылық дағдарыстың ықпалынан ол ағымдағы жылы төмендеп кеткен. «Менің ойымша, біз бұны біртіндеп түзейтін боламыз. Қазір екі ел де осы жұмыспен айналысуы қажет», деді Н. Назарбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Беларустың ТМД елдері кеңістігіндегі Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші ірі сауда әріптесі. Атап айтқанда, әлемдік қаржы дағдарысы басталғанға дейін екі елдің арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы өсімі орта есеппен алғанда 50 пайызды құрады. Мәселен, Қазақстан мен Беларус арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 567 млн. долларды құрап, 2007 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға өсті. Ал, 2009 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тауар айналымы 316,8 млн. доллар болды. Бұл 2008 жылдың ұқсас кезеңінің 72,6 пайызын құрайды.