Қазақстан мен Беларусь үкімет басшыларының келіссөздер қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Минскіде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің ресми сапары барысында кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер жүргізілді, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметінен.
None
None

Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық салалардағы қазақстан-беларусь қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.

«Біз екі елдің интеграциясын жоғарғы бағалаймыз, өйткені біздің өзара қарым-қатынастарымыз барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді»-деді С.Ахметов. Ол сондай-ақ бұның «бірінші кезекте өндіріске, көлік саласына, энергетикалық кешен мен коммуникациялық салаға қатысты екенін» атап көрсетті.

Өз кезегінде, М.Мясникович «Белоруссияның екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бұрынғыдан да тығыз дами түсуі үшін, әрқашан ел аумағындағы қазақстандық кәсіпорындардың жақсы жұмыс істеуіне жайлы жағдай туғызуға ұмтылатынын» мәлімдеді.

Кездесу соңында Үкімет басшылары жүргізілген келіссөздердің қорытындылары бойынша Хаттамаға қол қойып, халықаралық автокөлік қатынастары, спорт пен денешынықтыру, ғылыми байланыстар, Көкшетау қаласында қазақстан-беларусь бірлескен ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техникалардың Индустриалдық-технологиялық паркін құру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды бекіту туралы бірлескен құжаттарға қол қою рәсіміне қатысты.

Үкімет басшылары БАҚ-қа арнап өткізген брифинг барысында екіжақты келіссөздерді қорытындылады. Қазақстан Премьер-Министрінің айтуынша, «барлық саладағы өзара іс-қимылдар бойынша сындарлы келіссөздер жүргізіліп, сондай-ақ тауар айналымын арттыру шаралары талқыланды».

«Біз мемлекет басшылары тапсырмаларын орындау мен «Жол картасын» жүзеге асыруға баса назар аудардық». «Қазіргі кезде біздің елімізде 20-дан астам беларусь кәсіпорындарының сервистік орталықтары, 130 бірлескен кәсіпорын, сондай-ақ түрлі беларусь кәсіпорындарының өкілдіктері жұмыс істеп тұр. Беларусь Қазақстанның индустрияландыру картасындағы 5 жобаға қатысуда»,- деп атап көрсетті С.Ахметов.

Алайда, ҚР Премьер-Министрінің ойынша, бұл аздық етеді. Үкімет басшысы «Біздің елдеріміздің өзара байланыс жасайтын әлеуеті жоғары, сондықтан оны толық пайдалану үшін күш біріктіруіміз керек, деп есептейміз. Бұдан біздің экономикамыз тек қана ұтады»,-деп атап көрсетті. АӨК саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне қатысты, С.Ахметов Беларусьтің бай тәжірибесін ауыл шаруашылығын дамытуға қолдану бойынша нақты мәселелер талқыланғанын айтты.

«Біз Қазақстанның бір өңірінде жаңа агротехникалық технологиялар қолданылып, кейін оны біздің агрошаруашылықтар арасына таратуға болатын пилоттық тәжірибе шаруашылығын құру туралы келістік»,-деп хабарлады С.Ахметов.

«Біз мәселелердің негізгі бөлігін жүзеге асырудың нақты тетігін таптық, енді біздің екіжақты қарым-қатынасымыз бұдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін»,-деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

М.Мясникович өзінің қазақстандық әріптесін құптай отырып, «көптеген мәселелер бойынша өзара толық түсіністікке қол жеткізілгенін»,-атап өтті. «Болашақта біз қазақстандық және беларусьтік кәсіпорындар жұмыс істейтін, бірлескен трансұлттық корпорациялар құру деңгейіне көтерілуіміз керек. Бұл біздің экономикаларымыздың өзара бірін-бірі толықтырады және әлемдік рыноктарда бәсекеге қаблеттілігін айғақтайды»,- деп атап көрсетті М.Мясникович.

Соңғы жаңалықтар