Қазақстан мен Финляндияның ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтерген сапар
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Наурыздың 23-25-і күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш мемлекеттік сапармен Финляндия Республикасында болды. Онда Елбасы осы елдің басшыларымен кездесіп, екі мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамытып, сапалы жоғары деңгейге шығару мәселелерін талқылады.
Әлемді жайлаған қазіргі дағдарысты еңсеру жолдары да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік саясаттағы көкейкесті дүниелер, атап айтқанда Қазақстанның Еуропалық Одақпен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен байланыстары да келіссөздердің басты тақырыбы болды. Тұтастай алғанда Н. Назарбаевтың бұл сапары екі мемлекеттің де өзара қарым-қатынасты қарқындатуға аса мүдделі екендерін көрсетті. Бұлай болатын жөні бар. Себебі, Қазақстан мен Финляндияның экономикалық жағынан да, саяси тұрғыдан да бірін-бірі толықтыратын әрі тәжірибе алмасатын тұстары жетерлік. Қазақстан соңғы жылдары тек Орталық Азия өңіріндегі ғана емес, әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, өңірлік тұрақтылықты сақтауда жетекші елге айналып келеді. Қазақстанның энергетика саласындағы әлеуеті, шетелдік инвесторлардың еліміз нарығында жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасауы, экономикалық тартымдылығы кәрі құрлықтың көптеген елдерін, соның ішінде Финляндияны да бей-жай қалдырмауда. Ал Финляндия болса, соңғы жылдары ақпараттық технологиялар мен электрондық өнеркәсіпті дамытуда, яғни инновациялық эволюция тұрғысынан әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына шықты.
Бүгінде бұл елдің озық технологиялары әлемдік нарықта орасан зор сұраныс тудыруда. Мәселен, Финляндияның басқа компанияларын былай қойғанда, Nokia-ның бір өзі ұялы телефондарды өндіруде бірталай жылдан бері әлемдегі ірі өндіруші позициясынан тайқып көрген емес. Тұтастай алғанда, Финляндияның өндірісі мен экспортының құрылымында эелектроника мен электр техникасының (28 пайыз), машиналар, жабдықтар мен көліктің (17 пайыз), жасанды талшық пен қағаз өнімдерінің (16 пайыз) металдан жасалған бұйымдардың (13 пайыз), мұнай және химия өнімдерінің (13 пайыз), орман және ағаш өңдеу өнеркәсібінің (5 пайыз) үлесі барынша көп. Ұлттық шаруашылығының құрылымында қызмет көрсету саласы басымдыққа ие. Бұл сала Финляндияның Ішкі жалпы өнімінің 70 пайызын береді екен. Сонымен қатар, Финляндия жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші бойынша (32 мың еуро) жоғары қарқынмен дамыған елдердің қатарында және Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы есебіне сәйкес, бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингісі бойынша алтыншы орында тұр. Міне, осылардың бәрін саралай келгенде, технологиялар мен инновациялар саласында әлемдегі жетекші мемлекеттердің біріне айналған Финляндиямен ынтымақтастықты дамыту шикізаттық секторға тәуелділіктен арылып, индустриялық-инновациялық технологияларды өркендетуді басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген Қазақстан үшін аса қажет. Сонымен қатар, Финляндияның саясаттағы тәжірибесінен де тәлім алар тұстарымыз көп. Жалпы, Қазақстанның қандай салада болмасын Финляндиядан үйренетін дүниелерінің баршылық екенін сапар кезінде Елбасы Н. Назарбаев та растады. Финляндия Президенті Тарья Халонен ханыммен болған келіссөздердің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Н. Назарбаев бұл елдің білім, ғылым, инновация салаларындағы тәжірибесі Қазақстан үшін аса пайдалы болатынын атап көрсетті. «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшін өте қажет. Себебі, бұл ел әлемдегі өзіндік орны бар мемлекет. Ғылым, білім салаларында, экономикадағы инновация бойынша алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Егерде біз бәсекеге сай мемлекет болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолынан өтіп, тәлім-тәрбие алғандығымыз өте пайдалы болады», деді Қазақстан басшысы. Қазақстан мен Финляндия сауда-экономикалық байланыстарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге ендігі жерде айрықша маңыз беретін болады. Оған дәлел, келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Үкіметі мен Финляндия Үкіметі арасында қосарланған салық салуды болдырмау және табысқа салынатын салыққа қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге, сондай-ақ білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Президенттер бұл құжаттардың екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, гуманитарлық саладағы байланыстарды жақсартуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Т. Халонен Финляндия Қазақстанмен энергетика, орман өнеркәсібі, металдарды өңдеу, металлургия кешендері, экологиялық технология салаларында ынтымақтастықты үдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның пікірінше, екі елдің іс жүзінде экономиканың барлық секторларында өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндіктері бар.
Баспасөз мәслихатында Н. Назарбаев Қазақстан мен Финляндияның халықаралық саясаттағы ұстанымдары көп мәселеде сәйкес келетінін атап көрсетті. Осы орайда Елбасы Қазақстан Финляндияны ЕҚЫҰ мен Еуропалық Одақтағы сенімді әріптес ретінде қарастыратынын, сондықтан Финляндияның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігін қолдайтынын айтты. «Біздің еліміз Финляндиямен Еуропалық Одақ аясындағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Біз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісімді бекітуде Финляндия белсенді рөл атқарады деп үміттенеміз», деді Н. Назарбаев. Өз кезегінде Т. Халонен ханым Финляндия Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі маңызды мемлекет деп санайтынына тоқталып, өз елінің Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дамуын, сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге ұмтылысын қолдайтынын жеткізді. Финляндия Президенті Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық жасайтынына сенім білдірді. Оның пікірінше, төрағалық Қазақстанның өзі үшін де, Ұйым үшін де, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның қарым-қатынасын одан әрі дамытуда маңызды рөл атқаратын болады. Осы орайда былтыр ғана аталмыш ұйымға төрағалық жасаған Финляндия бұл функцияға қатысты Қазақстанға достық қолдауы мен көмегін ұсынуға дайын. Сөз арасында Н. Назарбаевтың осы елдің жоғары наградасы «Финляндияның Ақ Раушаны» және «Финляндия Арыстаны» ордендерімен, ал Елбасы Финляндия Президентін еліміздің «Алтын Қыран» орденімен марапаттағанын айтып өткіміз келеді. Сапар аясында Н. Назарбав Финляндияның Премьер-Министрі Матти Ванханенмен және Парламентінің спикері Саули Ниинистомен кездесті. Н. Назарбаев пен М. Ванханеннің кездесуінде үкіметаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылы Қазақстан мен Финляндия арасында 1,1 млрд. АҚШ долларына сауда-саттық жасалған. Оның 634,1 млн. доллары экспорт, 506 млн. доллары импорт. Екі елдің экономикалық әлеуетіне назар аударсақ, тауар айналымының көлемі әрине аз. Сондықтан алыс-берісті жақсарту үшін кездесуде осы жылдың соңына дейін Қазақстан мен Финляндия арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысын өткізу туралы, сондай-ақ екі елдің министрліктері мен ведомстволары арасында делегациялар алмасулар туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Финляндия Парламентінің спикерімен кездесуде әңгіме парламентаралық байланыстарды нығайту жөнінде өрбіді. «Біз Азиядағы ынтымақтастық пен қауіпсіздікті сақтау үшін ЕҚЫҰ-ға ұқсас құрылым құру туралы Қазақстанның бастамасын асқан қызығушылықпен қабылдадық және осы бастаманың орындалуына зор табыстар тілеймін», деді Финляндия Парламентінің спикері С. Ниинисто. Сапарының үшінші күні Н. Назарбаев Финляндияның бизнес элитасымен кездесті. Кездесуге қатысушылар әлемдік экономикада қалыптасқан қиын жағдайды талқылап, жаһандық экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына қатысты өз ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысы Қазақстан Финляндияны Еуроодақтағы перспективалық сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Осы орайда фин компанияларын Қазақстан нарығына жаңа жобалармен шығуға шақырды. Елбасы Қазақстан Финляндияның кәсіпкерлеріне өңдеуші кешенді, машина жасау саласын, энергетика, көлік транзиті және коммуникациялық инфрақұрылым, құрылыс, фармацевтика салаларындағы жобаларды ұсынуға дайын екенін атап көрсетті. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып табылатынын айтты. Мемлекет басшысы сапарын «Отаниеми» өңірлік технологиялық орталығының жұмысымен танысумен аяқтады. Бұл орталық Финляндияның жоғары технологиясының бесігі, скандинав елдерінің жетекші технологиялық хабы болып саналады екен. Оның құрамына жоғары білікті зерттеу ұйымдары, жоғары технологиялар саласындағы академиялық институттар мен кәсіпорындар кіреді. Орталық өңірлік және халықаралық ауқымдағы зерттеу жұмыстары мен кәсіпкерлік қызмет арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейді. Бұл технологиялық кластерде 600 компания, 80-ге тарта түрлі бизнес қорлары жұмыс істейді. Олар жыл сайын 500 ден астам жаңа инновациялық жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады. 200-ден астам патенттер береді. Мұнда 16 мың студент білім алып, 16 мың маман жұмыс істеуде. Инновация саласындағы ерен жұмыстары үшін Еуропалық одақ «Отаниемиге» Еуропаның ең инновациялық өңірі атағын екі мәрте беріпті. Түйіндегенде айтарымыз: Н. Назарбаевтың Финляндияға алғашқы сапарынын қорытындысынан қос мемлекеттің барлық салаларда өзара ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетуге ұмтылысы бары аңғарылды.