Қазақстан мен Франция жаңғыртылатын қуат көздері саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда
Бұл «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының Францияның жаңғыртылатын қуат көздері саласындағы қазіргі заманғы жетістіктермен танысып, француз әріптестерімен тәжірибе алмасу мақсатындағы іс-сапары кезінде сөз болды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Владимир Школьник Парижде Францияның Экология, көлік және тұрғын үй министрі Натали Косюшко-Мориземен кездесті. Онда тараптар Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Одан кейін Сакле қаласында Владимир Школьник «Қазатомөнеркәсіп» пен Францияның атом энергетикасы жөніндегі комиссариаты (СЕА) жаңғыртылатын қуат көздері үшін жаңа материалдар жасау бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер бағдарламасын жүргізудегі ниеттестік меморандумына қол қойды. Бұл Қазақстан мен Францияның күрделі жобаларды жүзеге асырудағы алғашқы батыл қадамы болып отыр. Онда «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Францияның атом энергиясы және балама қуат көздері жөніндегі комиссариаттың Бас басқарушысы Бернар Бигомен Қазақстандағы жаңғыртылатын қуат көздері саласындағы жаңа жобаларда жұмыс істейтін отандық мамандарды даярлау жолдарын келісті. Сондай-ақ Өскемендегі металлургиялық кремнийді тазартатын зауытты іске қосу және Астанада салынатын күн батареяларының өндірісіне қатысты мәселелерді талқылады.