Қазақстан мен Германия арасында жастар саясаты саласындағы әріптестік жөніндегі бағдарлама мен хаттамаға қол қойылды
АСТАНА 7 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Германия Федеративті Республикасының Жастар, әйелдер және отбасы істері жөніндегі федералды министрлігі арасында 2012-2013 жылдарға арналған жастар саясаты саласындағы әріптестік жөніндегі бағдарламаға және хаттамаға қол қойылды.
«Біз таяу 2 жылдықтағы ынтымақтастығымыздың бағдарын айқындайтын хаттамаға қол қоюға мүмкіндік алып отырмыз. Өте қызықты пікірталас болды. Нәтижесінде біз ортақ келісімге келдік», - деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Мадияр Қожахмет.
Өз кезегінде екі елдің жастар саясатындағы бағыт-бағдарының дұрыс жолға қойылғандығын айтқан Германия тарабының өкілі Альберт Клейн-Рейнхард: «Біз қазақ жастар ұйымдары мен Білім және ғылым министрлігін 2013 жылы өтетін 3-ші Герман-Қазақстан жастарының форумына шақырамын. Бұл бізге тағы бір мәрте пікір, тәжірбие алмасуға, өткен жылдарда атқарған жұмыстарымызды саралауға мүмкіндік береді», - деді
Аталған құжатта жастар құрылымының әлеуметтік мәселелері, жастардың жазғы демалыс кезінде бос уақыттарын өткізу мүмкіндіктері, жастар саясаты саласындағы мамандар үшін қысқа мерзімді машықтану, құқық бұзушылық пен маскүнемділіктің алдын алу шаралары, есірткі заттарына тәуелді жастарға көмек көрсету мәселелері қарастырылған.