Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Германия стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңес құрады

АСТАНА. Шілденің 18-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Қазақстан мен Германия стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңес құрады. Тиісті меморандумға шілденің 18-інде, жексенбі күні Астана қаласында өтетін қазақстан-неміс бизнес форумы барысында қол қойылады.

Қазақстан мен Германия стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңес құрады

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша құжатқа қазақстандық тараптан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры Қайрат Айтекенов, неміс тарапынан - Deutsche Bank AG басқарма мүшесі, басқарушы директор Питер Кильс қол қоймақ.

«Меморандумға Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту және одан әрі нығайту мақсатында қол қойылады. Бұл шара 2010 жылғы мамырдың 6-сындағы экономика және сауда жөніндегі неміс-қазақстан үкіметаралық жұмыс тобының отырысында қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау ауқымында жүргізіліп отыр», - делінген қордың баспасөз қызметінің ақпаратында.

Стратегиялық іскерлік кеңес ҚР және ГФР ұйымдары мен бірлестіктері арасындағы іскерлік байланыстардың тиімділігін арттыру қызметімен айналысатын үйлестіру және консультациялық орган болмақ.

Іскерлік кеңестің міндеттеріне Қазақстан мен Германия арасындағы сауда және инвестициялар, екі елдің іскер топтары бірлестіктері мен компаниялар арасындағы тікелей байланыстарды және тікелей ақпарат алмасуды көтермелеп отыратын ынтымақтастықты нығайту және тереңдету кіреді.