Қазақстан мен Германия таяу жылдарда екі жақты тауар айналымның көлемін 10 млрд. долларға жеткізуді көздеп отыр - Елбасы

АСТАНА. Шілденің 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан мен Германия таяу жылдарда екіжақты тауар айналымның көлемін 10 млрд. долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада Германияның Канцлері Ангела Меркельмен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Қазақстан мен Германия таяу жылдарда екі жақты тауар айналымның көлемін 10 млрд. долларға жеткізуді көздеп отыр - Елбасы

«Өткен жылы екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі 3 млрд. долларға жетті. Биыл бірінші жартыжылдықта 1,5 млрд. долларды құрады. Біз алдымызға таяу жылдарда екіжақты тауар айналымының көлемін 10 млрд. долларға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Бұған өте жақсы негіз бар», - деді баспасөз мәслихатында Н.Назарбаев.

Елбасы Германия экономикасы дүниежүзінде 4-ші, ал Еуропада 1-ші болып табылатынын айта келе: «Германиямен қарым-қатынасты дамыту біздің ел үшін өте тиімді және өте қажет», - деді.

Елбасының айтуынша, әлемдік қаржылық экономикалық дағдарысқа қарамастан, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқын алып келеді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Германия экономикасы жақсы өсім көрсетті. Қазақстан экономикасы бірінші жартыжылдықта 8 пайыздық өсімге қол жеткізді.

«Бұлар екі елдің экономикасы дағдарыстан шығып келе жатқандығын білдіреді», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы жылдар ішінде Қазақстан Германия экономикасына 4 млрд. доллар инвестиция салса, Германия Қазақстан экономикасына 3 млрд. доллар иивестициялаған.