15:36, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы халықаралық автокөлік қатынасы туралы келісім бекітілді - Парламент
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы келісімнің мақсаты - екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ транзиттік тасымалдауларды жүзеге асыру және қазақстандық тасымалдаушылардың тасымалдау ауқымын ұлғайту. Уағдаластық негізінде келісімге қатысушы екі мемлекеттің құзіретті органдары шешімнің қолдану жағдайын, оның қолданылу мерзімін айқындайтын болады. Сонымен бірге, құжат бойынша шешімдердің кестесі, шекаралық өткелдері және тарифтер мен бағдардың сызбасы келісіледі.
Сондай-ақ тасымалдау рұқсатында өзгеше жағдайлар қарастырылмаса, әрбір тасымалдауға бір жаққа және кері қарай бір реттік рейс жасауға құқық беретін рұқсат көрсетіледі. Келісімшарттарға сәйкес, тіркемелерді қоса алғанда ең жоғары салмағы 6 тоннадан аспайтын автокөлік құралдарымен жүктерді тасымалдау кезінде, сондай-ақ пошта, жәрмеңкелік, көрмелік жүктерді, мәдени шараларға арналған бұйымдарды, қайтыс болғандардың мәйіттерін тасымалдау кезінде рұқсат талап етілмейтін болады.