Қазақстан мен Иордания уран саласында бірлескен кәсіпорын құрады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Иордания уран саласында бірлескен кәсіпорын құрады. Бұл туралы бүгін Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.

— Бүгін Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейннің ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» тобының еншілес компаниясы — «Қазатомөнеркәсіп» Иорданияның JUMCO компаниясымен келісімге қол қояды. Бұл келісімге сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін «Қазатомөнеркәсіп» пен JUMCO бірлескен кәсіпорын құрады. «Қазатомөнеркәсіп» үлесі — 70, ал JUMCO үлесі 30 пайыз болады. Бірлескен кәсіпорын Иорданияның уран саласымен айналысады, — деді Нұрлан Жақыпов.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн жоғары деңгейде келіссөздер өткізеді.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Астана әуежайынан қарсы алған еді.
Мәртебелі мейман мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары алып жүрді.