Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы төмендей ме

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымына қатысты пікір айтты.

в
Фото: Gov

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Иранмен арадағы тауар айналымы 450 млн АҚШ доллары шамасында болды. Сол өңірдегі қақтығыс салдарынан биыл тауар айналым бәсеңдейтіні түсінікті. Атап айтқанда, бұл көрсеткішті 3 млрд долларға жеткізу міндеті қойылған. Алайда дәл қазір осы мақсатты орындау қиынға түседі, - деді С.Жұманғарин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Иранмен арада ауқымды келісімшарттар жасалғанымен, Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты трейдерлердің жұмысында іркіліс байқалды.

- Себебі төлем бойынша тәуекелдер бар. Иранға қатысты айтатын болсақ, бұған дейін де төлем жасау кезінде мәселелер туындады. Төлемдер үшінші елдер арқылы жүзеге асырылып келген еді, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еске салсақ, Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Иранмен арадағы бірқатар жобаларды іске асыру уақытша тоқтап қалғанын айтты.

Бұған дейін Ирандағы соғыс Қазақстанның астық экспортына қалай әсер етіп жатқанын жазған едік.