Қазақстан мен Ислам даму банкі арасында 2012-14 жылдарға арналған әріптестік стратегиясын жүзеге асыру басталмақ

АЛМАТЫ. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат -  1-2 қазан күндері Астанада ІІІ Қазақстандық исламдық қаржы конференциясы болады.

Қазақстан мен Ислам даму банкі арасында 2012-14 жылдарға арналған әріптестік стратегиясын жүзеге асыру басталмақ

Бұл туралы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Алматыда өтіп жатқан «Исламдық қаржы бойынша халықаралық отырыс: оңтайлы жағдайлар жасау» деп аталатын алқалы жиында мәлімдеді.

«Қазақстан мен Ислам даму банкі арасында 2012-14 жылдарға арналған әріптестік стратегиясы жасалды. Көліктік және энергетикалық инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, ғылым және технология сияқты экономиканың мақсатты секторлары қамтылған инвестициялар ауқымы 1 миллиард доллардан астам болып отыр. 1-2 қазан күндері  біз Астанада бүгінгі конференцияның үйлесімді түрде жалғастыратын бірлескен маңызды шара өткіземіз. Ол - ІІІ Қазақстандық исламдық қаржы конференциясы. Онда ресми түрде Ислам даму банкі мен Қазақстан арасындағы 2012-2014 жылдарға әріптестік страгиясы жүзеге асырыла бастағанын хабарлаймыз», - деді Б. Жақсалиев. Оның айтуынша, Ислам даму банкі 10 жылдан бері 3 негізгі халықаралық рейтинг агенттіктерінің жоғары  рейтингіне ие болуда. Нөлдік тәуекел ол қатысқан жобаларда  ұлттық және әлемдік экономикаға ешқандай қауіп төндірмейді, ешбір мәселе туындатпайды.

Жалпы Ислам даму банкімен ынтымақтастық Қазақстанда 1995 жылы басталған болатын. ҚР Индустрия және жаңа технолоргиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің сөзіне қарағанда, алғашқы кезде сәтсіздіктер мен түсінбестіктер де болды. Қазір ол енді барлық деңгейде реттеушілік, халықаралық, нарықтық, мемлекеттік және жеке салаларда жаңа сатыға көтерілмек.