Қазақстан мен Испания бірлескен көлік жобаларын ілгерілетуге уағдаласты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев Испанияның Көлік жөніндегі мемлекеттік хатшысы Хосе Антонио Сантаномен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Келіссөздер барысында тараптар көлік-транзит саласындағы қазақ-испан ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы өзара байланыстылықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Қазақ дипломаты елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. ТХКБ бүгінде Еуразияның көлік архитектурасының маңызды элементтерінің біріне айналып, Шығыс пен Батыс арасындағы орнықты әрі әртараптандырылған сауда бағыттарын қамтамасыз етуге ықпал етіп отырғаны атап өтілді.
— Осы тұрғыда ТХКБ мүмкіндіктерін Еуропалық одақтың Global Gateway бастамасымен ұштастыру және Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы өзара байланыстылықтың жаңа тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған сапары аясында іске қосылған Өзара байланыстылық күн тәртібі платформасына (Connectivity Agenda Platform) ерекше назар аударылды. Сондай-ақ логистика, көлік процестерін цифрландыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды, — делінген хабарламада.
Сұхбаттасушылар көлік және азаматтық авиация салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымын (ИКАО) қоса алғанда, бейінді көпжақты алаңдардағы ұстанымдарды үйлестіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды ілгерілетуге және көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштамен бейресми кездесу өткізгенін жазғанбыз.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақ басшыларымен Бірлескен мәлімдеме қабылдағаны хабарланды.