Қазақстан мен Кения түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Кения түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Қазақстан мен Кения түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын
Фото: Ақорда

— Сонымен қатар келіссөз барысында халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмастық. Африка құрлығындағы және Таяу Шығыстағы ахуалды талқыладық. Найроби аймақтық қақтығыстарды реттеуді көздейтін бітімгерлік бастамаларға белсенді қолдау көрсетуде. Сондай-ақ Кения Африкадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Кенияның ұстанымдары ұқсас. Екі ел де халықаралық мәселелерді тек бейбіт, дипломатиялық жолмен, яғни келіссөздер арқылы шешу керек деп есептейді. Біз БҰҰ және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды күшейтуге келістік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, бүгінгі келіссөздер нәтижелі әрі мазмұнды болды деуге толық негіз бар.

— Біз Қазақстан мен Кения арасындағы байланысты нығайтуға, өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге және түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл екі елдің мүддесіне де сай келеді. Президент Рутоның елімізге жасаған мемлекеттік сапарының мән-маңызы зор. Бұл қадам өзара қарым-қатынасымызға тың серпін береді деп сенемін. Сонымен бірге Орталық Азия мен Африка арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашады деп ойлаймыз. Кения Президенті сапарының аясында мен Рутоға еліміздің жоғары марапатының бірі, яғни 1-дәрежелі «Достық» орденін тапсырдым. Елдеріміздің достығы нығая берсін, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өткен еді.