Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа ынтымақтастық тұрақты әрі ұзақмерзімді сипатқа ие — Евгений Кочетов

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстан мен Қытайдың бірлескен медиа жобалар туралы айтып берді. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа ынтымақтастық тұрақты әрі ұзақмерзімді сипатқа ие — Евгений Кочетов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Тұрақты кездесулер мен бірлескен медиа жобалар, өзара серіктестікті сақтап қана қоймай, қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанының нақты дәлелі. Бұл елдері арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, сонымен қатар өңіріміздің және оның шегінен тыс жерлердегі ортақ бастамаларды жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктер ашады. Осы үдерісте медиа платформаның рөлі аса маңызды. Ынтымақтастықты нығайтудың жарқын мысалы, жуырда Қытайда өткен шараға қазақстандық медиа саласының өкілдері қатысқан оқиға. Биыл Қазақстан делегациясы Қытайдың Цюйфу қаласында өткен China Media Group (CMG) ұйымдастырған 4-ші жаһандық медиа инновациялар форумына қатысты. Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа ынтымақтастық тұрақты әрі ұзақмерзімді сипатқа ие, кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді. Осы орайда, біз тек ақпарат алмасумен шектелмей, толыққанды коммуникациялық ортаның қалыптасып жатқанын байқап отырмыз, — деді Евгений Кочетов елордада өтіп жатқан «Орталық Азия — Қытай» медиафорумында.

Вице-министр соңғы жылдардағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде Хоргос шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы базасында бірлескен баспасөз орталығының іске қосылуын атады.

— Мемлекет басшыларының қос ел астанасында мәдени орталықтар құру туралы бастамасы елдеріміз арасындағы мәдени байланысқа жаңа серпін берді. Бұл орталықтар ұлттық мәдениетті ілгерілетудің және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың көпфункционалды құралына айналады. Соңғы трендті ескере отырып, бүгінде медиа мен креативті индустриялар қарқынды трансформация кезеңін бастан кешуде. Цифрландыру, платформалық экономиканың дамуы, жасанды интеллектті енгізу және қолданушылық контенттің өсуі медианың табиғатын, оны тұтыну формаларын және кәсіби қауымдастыққа қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертуде, — дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай ұлттық мәдениетті заманауи медиа платформалар арқылы ілгерілетуге бағытталған жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.

— Бүгінгі форум біздің ынтымақтастығымызды тереңдетіп, осы салада тәжірибе алмасуға қосымша алаң болады деп сенемін. Келесі қадам — сапалы контент жасауға басымдық бере отырып, бірлескен медиа өнімдерді белсенді дамыту. Қазір бізде бірқатар сәтті премьера, бірлескен трансляция мен ток-шоулар бар. «Хабар» арнасы қытайлық әріптестерімен бірге тақырыптық деректі фильм түсіріп жатыр. БАҚ және мәдени бағдарламалар саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі іске асыру, бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға және өзара байланыстарымызды нығайтуға ықпал етеді, — деп қорытындылады Евгений Кочетов.

Бүгін Астанада «Орталық Азия — Қытай» медиафорумы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар