Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Қытай ядролық отын өндірісіндегі ынтымақтастықты нығайтпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының делегациясы ҚХР-дағы CNNC кәсіпорындарының озық технологияларымен танысты.

Қазақстан мен Қытай ядролық отын өндірісіндегі ынтымақтастықты нығайтпақ
Фото: Атом энергиясы агенттігі

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының делегациясы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің басшылығымен уран өндіру және ядролық отын өндіру саласында қызмет атқаратын CNNC корпорациясының өндірістік нысандарында болды.

Бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі Ішкі Моңғолия автономиялық ауданындағы Ордос уран провинциясында орналасқан заманауи уран кенішіне бару болды. Делегация кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымымен, уранды өндіру және қайта өңдеу технологияларымен, өндірісті ұйымдастыру жүйесімен және өндірістің барлық кезеңінде қолданылатын цифрлық шешімдермен танысты.

Кәсіпорын мамандары уранды өндіруге қолданылатын CO₂ + O₂ жүйесі негізіндегі жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын таныстырып, технологиялық схеманы, пайдаланылатын жабдықтарды, мониторинг және басқару жүйелерін, сондай-ақ өнеркәсіптік, экологиялық қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шараларын көрсетті.

Делегация уран өндіру учаскелерін, технологиялық ерітінділерді дайындау нысандарын және дайын өнімді өндірудің толық циклі жүзеге асырылатын қайта өңдеу кешенін аралап көрді.

Қазақстандық тарап өндірістің автоматтандырылуы мен цифрландырылуының жоғары деңгейін, интеллектуалды басқару жүйелерінің қолданылуын және өнеркәсіптік, экологиялық әрі өндірістік қауіпсіздіктің жоғары стандарттарының сақталуын атап өтті.

Сапар бағдарламасы аясында делегация Баотоу қаласындағы CNNC компаниясының атом электр станцияларына арналған жылу бөлгіш құрамаларды өндіретін зауытында болды. Делегация автоматтандырылған өндірістік желілермен, сапаны бақылау жүйесімен және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерімен танысты. Тараптар ядролық отын өндіру саласындағы ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды және бірлескен бастамаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Сапар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, оның ішінде уран өндіру, ядролық отын өндіру және ядролық-отын циклін дамыту бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.