Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекара учаскелеріне қатысты құжат бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекара учаскелеріне қатысты құжат бекітілді

Хаттаманың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының шекаралық өкілдері өз функцияларын орындауға жауапты болатын мемлекеттік шекара учаскелерінің аумақтық шектерін айқындау.

Хаттамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі мынадай учаскелерді айқындады:

Қазақстан Республикасының тарапынан – Алматы, Қордай және Тараз учаскелері, ал Қырғыз Республикасының тарапынан – Ыстықкөл, Шу және Талас учаскелері.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мәліметіне қарағанда, хаттама екі ел арасындағы қатынастардың құқықтық негізін белгілеуге және реттеуге бағытталған, Қазақстан – Қырғыз мемлекеттік шекарасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелерін айқындауды көздейді. Бұл еліміздің Мемлекеттік шекарасының белгіленген режимін қолдауға ықпал ететін болады.