07:35, 27 Маусым 2012 | GMT +5
Қазақстан мен Қырғызстан балалары Ыстықкөлде «тәуелсіз мемлекет» құрады
БІШКЕК. 27 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстанның 12-16 жас аралығындағы 200 жасы 2012 жылдың 2-13 шілдесі аралығында Ыстықкөл көліндегі пансионаттардың бірінде «Эвергриния Республикасы» атты тәуелсіз мемлекет құратын болады.

Қазақстан және Қырғызстан балаларына арналған жастар лагері Білім бастамаларын қорғау қорымен, Қырғыз Республикасындағы ынтымақтастық бойынша Швейцария бюросының және «Сорос-Қырғызстан», «Сорос-Қазақстан» қорларының қолдауымен ұйымдастырылуда.
«Эвергриния Республикасы» бүтіндей бір мемлекет ретінде өмір сүреді, құрамында Үкіметі, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық қоғамы, білім және әлеуметтік қорғау жүйесі, бизнес-құрылымдар мен тағы басқалары болады. Түрлі актерлардың рөлдерін ойнай отырып, қатысушылар ашық қоғамның функцияларымен таныса алады, демократиялы мемлекетті құру қағидаттарына, экономика негіздері мен бизнесті жүргізуге үйренеді.
Он бес жылдың ішінде түрлі елдердегі 3000-нан астам балаға «эвергриндік азаматтық» берілді.