«Қазақстан мен Қырғызстан: мәңгілік достық» конкурсының қорытындысы шығарылды
БІШКЕК. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Владимир Добровольский/ - Қазақстан мен Қырғызстанның арасында 1997 жылы сәуірдің 8-інде мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойылуының 12 жылдығына орай қырғыз елордасында салтанатты шара өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан Елшілігі қазақ және қырғыз халықтарының арасындағы тарихи және әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, Орталық Азия елдерінің арасындағы гуманитарлық-мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2008 жылы Мұхтар Әуезов атындағы халықаралық қормен, Шолпанатадағы М.Әуезовтің мұражай-үйімен бірлесе отырып және «Адабий Ала-Тоо» (Бішкек) басылымының ақпараттық қолдауымен «Қазақстан-Қырғызстан: мәңгілік достық» тақырыбында конкурс жариялағанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Конкурсқа республикада жарық көрген көркем туындыларымен, ғылыми зерттеулерімен, публицистикаларымен Қырғызстан авторлары қатысты. Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Омор Сұлтанов төрағалық еткен қазылар алқасы конкурсқа қатысқан 80 жұмыстың ішінен 16 жеңімпазды анықтады. Оларға жүлделерін табыс еткен Қазақстан елшісі Бақыт Оспанов, жиналған қауымды Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауының негізгі тарауларымен, ел үкіметі қабылдап отырған дағдарысқа қарсы шаралармен таныстырды. Қазақстан дипломаты, сондай-ақ Қырғызстанның Мәдениет министрлігінің басшылығына қазақстандық баспада жарық көрген Шыңғыс Айтматовтың жаңа сегіз томдық жинағын табыс етті.