Қазақстан мен Қырғызстан шекаралық бағаналарды орнатуды аяқтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті кеңейтілген отырысында «Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау» туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мен Қырғызстан шекаралық бағаналарды орнатуды аяқтады

Екі ел арасындағы шекараны шегендеу туралы шартқа 2017 жылғы 25 желтоқсанда Астанада Қырғыз Республикасы мемлекеті басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жəне Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков қол қойды.

«Шарттың басты мақсаты - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара сызығын халықаралық құқықтық деңгейде бекіту. Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1257,07 шақырымды құрады. Шекара сызығында 1055 шекаралық бағана орнатылды. Яғни, 533-і Қазақстан тарапымен, 522-сі Қырғызстан жағымен қойылды», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді.

Атап айтқанда, шарт мерзімсіз болып табылады әрі денонсациялауға жатпайды. Ал шарттың күшіне енуі Қазақстанның мемлекеттік шекарасының халықаралық құқықтық рәсімдеу процесінің аяқталуына, Қырғызстанмен аумақтық даулардың туындауының алдын ала жоюға ықпал етеді.

«Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі - еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық рәсімдеу болып табылады. Қалыптасқан геосаяси жағдайларлар шекараны шегендеудің мүмкіндігінше жақын мерзімде аяқтау мемлекетіміздің аумақтық тұтастығына, шекараның мызғымастығына және ел егемендігіне тудыруы мүмкін қауіп-қатерлерді болдырмау үшін ерекше өзекті болып табылады», - деді М. Тілеуберді.

Оның сөзіне қарағанда, ландшафтың түрленуіне байланысты шекаралық бағаналардың орналасуында өзгерістер болуы мүмкін. Яғни, бұл бағаналар құлап жатса, реставрацияға өткізіледі.

«Ландшафт өзгерсе де, шекараның сызығы ешқашан да қайтадан қарастырылмайды. Тек қана қисайған шекаралық бағаналарды түзету мәселелері белгіленеді», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Талқылаудан кейін, комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысында қарастыруға жіберу туралы шешімді қабылдады.