Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық ынтымақтастықты дамыту екі ел үшін де, халқымыз үшін де өзекті - ҚХР ШҰАӨ Үкіметі төрағасының орынбасары

«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының қызмет етуі, Қорғастағы темір жолдың екінші тармағын іске қосу Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚХР ШҰАӨ халық Үкіметі төрағасының орынбасары Ши Даган мәлім етті.
Ши Даганның сөзіне қарағанда, Қазақстан ҚХР ШҰАӨ-нің маңызды сауда серіктесі болып табылады, соңғы жылдары өзара инвестициялар көбеюде. Бүгінгі таңда екіжақты ынтымақтастықтың ең зор келешегі «Қорғас» ХШЫО-ның қызмет етуінен көрінеді.
«Нұрсұлтан Назарбаев және Ху Цзиньтаоның қосқан үлесінің арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жаңа күш берген «Қорғас» ХШЫО құрылды», - деп атап айтты Ши Даган.
Келесі жылдың қыркүйек айында Үрімшіде ашылатын «Қытай-Еуразия» ЭКСПО көрмесі, сондай-ақ, екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің тұғырнамасы болып табылады, деп атап өтті Ши Даган.
ШҰАӨ Үкіметінің төрағасы Ши Даган туризм саласында екі жақты ынтымақтастықты дамытудың қажеттігіне ерекше тоқталды. «Қазір қытайлықтардың тұрмыс жағдайы көтеріліп келеді, көптеген Қытай туристері шетелге сапар шегуде. Қазақстанның туристік кластерді дамытуға әлеуеті зор және Қазақстан Орталық Азиядағы болашағы бар туристік бағыттардың бірі бола алады», - деп хабарлады ол.
«Біз - көршіміз, біздің елдерімізге туризм саласында бірлескен жобалар қажет. Біз Қазақстан Үкіметімен бұл бағыттағы ынтымақтастыққа дайынбыз. Астанадағы ЭКСПО-2017 туризм саласында біздің байланыстарымызды кеңейтуге серпін береді. Біз ЭКСПО-ны қолдаймыз және ШҰАӨ Үкіметі бұл іс-шараға белсенді қатысуға ниетті», - деп қорытты Ши Даган.