Қазақстан мен Қытай басшылары трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мәселелерін талқылады
БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамедов/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапарындағы күн тәртібінің негізгі мәселесі бүгін түстен кейін Бейжіңде өткен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен келіссөздері болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Халық жиналыстары үйіндегі мемлекет басшылары кездесуінің салтанатты рәсімінен және құрметті қарауыл сапын аралап өткеннен кейін келіссөздер шағын және кеңейтілген құрамда өткізілді. «Мен Сізбен кездесудің жаңа мүмкіндігіне қуаныштымын. ҚХР үкіметі мен Қытай халқының атынан Сіздің ҚХР-ға сапарыңызды қызу құттықтаймын. Сіз қазақстан-қытай қатынастарының дамуына маңызды үлес қосып отырсыз», - деп құттықтады мәртебелі қонақты қытай көшбасшысы. Өз тарапынан Н.Назарбаев әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында екі ел мен бүкіл әлем үшін осынау күрделі кезеңде мемлекеттік сапарға шақырғаны үшін Ху Цзиньтаоға шынайы алғысын білдірді. «Біз Сіздің Қазақстанға және жеке өзіме достық ықыласыңызды жоғары бағалаймыз. Өткен жылы Сіздің еліңіз Сычуань провинциясындағы күшті жер сілкінісінің салдарын лайықты еңсере білді, Олимпиаданы өте жоғары деңгейде өткізді, «Шэньчжоу-7» ғарыш кемесін ұшырды және қытайлық тайкунавтың ашық ғарышқа шығуын қамтамасыз етті. Бүгін Қытай тағы да кезекті жасанды Жер серігін ұшырды. Бұл оқиғалардың бәрі Сіздің елдің орасан зор мүмкіндіктерін, ҚХР-дың әлденеше мәрте арта түскен беделін көрсетті», - деп мәлімдеді қазақстандық басшы.
Н.Назарбаев пен Ху Цзиньтао қазақстан-қытай стратегиялық әріптестігі қатынастарының жай-күйі мен перспективаларын толық өзара түсіністік жағдайында талқылады, өзара мүдделі аймақтық және халықаралық проблемалардың кең ауқымды қырлары бойынша егжей-тегжейлі пікір алысты. Тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы жоғарғы деңгейдегі жиі байланыстар тұрғысынан алғанда, осы заманғы екіжақты қатынастардың стратегиялық қатынастарында аса қауырт болған 2008 жылдың бойындағы Астана мен Бейжің арасындағы өзара іс-қимылдың серпініне жоғары баға берді. Қазақстан мен Қытай басшылары екіжақты ынтымақтастықтағы сапалық оңды өзгерістерді қанағаттанарлықпен атап өте отырып, саяси өзара сенім мен ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша дерлік өзара іс-қимылдың тармақталған тетігі жасалғанын және тиімді жұмыс жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Екі мемлекет халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністік барған сайын нығая түсуде, қазақстан-қытай қатынастары бұрын болмаған жаңа деңгейге шықты. Сұхбаттасушылар Астана мен Бейжіңнің сыртқы саясатындағы басым бағыттарға жататын екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту мәселесі екі мемлекет пен халықтарының түбегейлі мүдделеріне сай келетінін, аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнықтыруға жәрдемдесетінін қанағаттанғандық сезіммен атап өтті. ҚР Президенті мен ҚХР Төрағасы жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі күшейтуге, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдете түсуге деген екеуара ұмтылысын қуаттады.Екі елдің басшылары 2002 жылғы желтоқсанның 23-індегі ҚР мен ҚХР арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартта бекітілген тең құқылық, өзара құрмет, бір-бірінің мүддесін ескеру, өзара қолдау, ұзақмерзімді перспективаны есепке алу, олардың үшінші елдерге бағытталмағандығы сияқты қазақстан-қытай байланыстары қағидаларының негізгі ұстанымдарын қуаттады.Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысындағы талқылаудың басты мәселелерінің бірі трансшекаралық өзендерді өзара тиімді пайдалану және оның ресурстарын қорғау мәселелері болды. Ху Цзиньтао қытай тарапының трансшекаралық өзендердегі су бөлу мәселелерін ресми талқылауды одан жеделдете түсуге, сондай-ақ трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану жөніндегі қазақстан-қытай бірлескен комиссиясы 6-шы отырысының (Алматы, 2008 жылғы қазан) барысында қол жеткізілген уағдаластықты қамтамасыз етуге және 2009 жыл ішінде трансшекаралық өзендер суларының сапасын бақылау және олардың ластануының алдын алу туралы келісім жобасын жасауға және келісуге дайын екенін қуаттады.