Қазақстан мен Қытай - стратегиялық әріптестер - Мемлекет басшысына жолданған сұраққа жауап
Ағымдағы жылы қарашаның 13-інде Мемлекет басшысымен өткен «тікелей желіге» жолданған сауалға ҚР Сыртқы істер министрлігінің берген жауабында осылай айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астаналық Нариман Тоғаев Елбасына «Болашақта қазақстандық-қытайлық қарым-қатынас қалай болады деп ойлайсыз және қытайлық компаниялардың Қазақстанның энергетика саласына ықпалы қандай?», деген сауал жолдаған болатын.
Осы сұраққа орай ҚР СІМ-нің берген жауабында: «Біздің елдер өзара сыйластық, теңқұқылық және екіжақты тиімділік принциптері негізінде бірлесе қызмет атқарады. Қазақстандық-қытайлық әріптестікті тереңдету Қазақстанның одан ары тұрақты дамуының маңызды элементі болып табылады. Осыған орай біздің елдер энергетика және инфрақұрылымдарды дамыту салаларында бірлескен жобаларды, сонымен қатар экономиканың шикізат емес секторы бойынша бағдарламаны белсенді жүзеге асыруда. Энергетикалық саладағы ынтымақтастыққа қатысты ағымдағы жылдың соңында «Орталық Азия - Қытай», газ құбырының, «Қазақстан - Қытай» мұнай құбырының «Кеңқияқ - Құмкөл» учаскесінің ресми іске қосылатынын атап өткен орынды. Қазіргі уақытта Қазақстанда көмірсутекті шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу бойынша бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда», делінген.