Қазақстан мен Қытай: Стратегиялық өзара сенім мен бірлескен өркендеу

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Бейжіңге мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР төрағасымен, саяси және іскер топ өкілдерімен кездеседі және қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысады.
None
None

Айта кетерлігі, Н.Назарбаев пен С.Цзиньпин ағымдағы жылдың ішінде телефон арқылы байланыстарды қоспағанда осымен төртінші мәрте (ағымдағы жылдың мамырында Мемлекет басшылары Астанада және Мәскеуде, шілде айында ШЫҰ саммитінде кездескен болатын) кездеспек.

Жоғары деңгейдегі байланыстар сыртқы саясат ведомстволары, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары арасында да байқалады, парламентаралық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас да жолға қойылып келеді.

Ағымдағы жылдың 25 тамызында ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің 7-ші отырысы өтті. Тараптар ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында қол қойылуы жоспарланып отырған бірқатар келісімді қарады.

Екі ел басшыларының екіжақты қарым-қатынасы туралы

«Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қытай қауіпсіздік саласындағы, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын жан-жақты кеңейтуге, сондай-ақ халықтарымыздың игілігі үшін өңірлік және халықаралық істердегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын күшейтуге ниетті», деген еді Си Цзиньпин ағымдағы жылдың мамырында Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің Бейжіңге мемлекеттік сапары алдында Қытайдың жетекші ақпарат агенттігі «Синьхуаға» эксклюзивті сұхбат беріп, онда Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынасты қолдау Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі болғанын баса атап өткен. «Қазақтар «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», - дейді. Дәл осындай мақал қытайлықтарда да бар. Ол біздің елдеріміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өлшемдерде жақын екендігін тамаша паш етеді», - деді Мемлекет басшысы агенттік тілшісінің Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен болашағына қатысты сауалына орай.

Э кономикалық ынтымақтастық Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының тегім қамтымды стратегиялық серіктестігінің негізі

Жоғарыда аталған сұхбат барысында Н.Назарбаев Қытай - біздің елімізге инвестиция салу көлемі бойынша көшбасшылардың бірі және Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып отырғанын баса айтқан.

Шындығында, тек соңғы екі жылдың ішінде ғана Қазақстан мен Қытай арасында жалпы сомасы 73,5 млрд. долларды құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылған болатын. Екі ел де индустриалды-инновациялық дамуға мүдделестік танытып отыр. Жалпы сомасы 30 млрд. доллардан асып жығылатын 48 жоба іріктеп алынған. Астана мен Бейжіңді «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Назарбаев университеті қабырғасында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бастамашы болған «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бірлескен бастамасын қалыптастыруды жүзеге асырудағы ортақ мақсат байланыстырады.

Мемлекет басшысының осы жолғы Бейжіңге сапары барысында тараптар аталған бағдарламалармен түйіндесетін ынтымақтастықты ілгерілету бойынша арнайы жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Екі елдің транзиттік көлік әлеуетін арттырудағы басты жобалар «Батыс Еуропа Батыс Қытай» (Қазақстан бөлігі арқылы өтетін жүк көлемінің көлемі жылына 30 млн. тоннаға жетеді деп болжануда) автомобиль магистралі, «Жезқазған-Бейнеу» (Қытайды Қазақстанның Каспий портымен жалғайды) темір жол желісі, Ляньюньган қытай портындағы қазақстандық логистикалық терминал (еуропа мен Азия-Тынық мұхиты өңірлерін Ресей мен Орталық Азия арқылы жалғайтын тікелей темір жол қатынасы) болып отыр.

Энергетика, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық да қарқынды даму үстінде. Туристік индустрия саласындағы да өзара іс-қимылдың жандануы күтілуде. ҚР Президенті Н.Назарбаев 2017 жылды Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы деп жария еткен болатын. Қазіргі уақытта біздің елімізде аспан асты елінің екі жетекші туристік опеаторымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы арасында келісімге қол қою арқылы Қазақстанға келетін қытай азаматтарының туристік сапарларын жеңілдету мәселесі қарастырылуда.

Бұған қоса, ағымдағы жылдың 24 тамызында Қытай өзінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын ресми қуаттаған болатын. Қытайдың Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитетінің төрағасы Цзян Цзиньвэйдің атап өтуінше, Қытайдың іскерлік ортасы Астанада өтетін халықаралық көрмеге зор қызығушылық танытса, ҚХР басшылығы оған қатысу арқылы әлемге өзінің энергетиканы дамыту тұжырымдамасын паш етуге ниетті.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

Қазақстан мен Қытай мәдениет және білім беру салаларындағы екіжақты байланыстарға әдетте баса назар аударады. Елдер арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық және жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімге қол қойылған. Қазақстанда Конфуций институты жұмыс істейді, Қытайдағы Қазақстан және Қазақстандағы қытай мәдени күндері де тұрақты өткізіліп тұрады. Үкіметаралық келісім негізінде жыл сайын екі елдің студенттері бір-бірінің елінде білім алуға мүмкіндіктері бар. Жоғары оқу орындары арасында да тікелей байланыс орнатылған. Қытайға «Болашақ» президенттік бағдарламасы арқылы студенттер білім алуға жіберіледі.

Екі елдің ғалымдарының қатысуымен қытай мұрағаттарынындағы құжаттар негізінде ежелгі үйсін тайпалары туралы «Ежелгі үйсін елі», түркі мемлекеті туралы «Ұлы Түркі қағанаты», сонымен қатар, Цин дәуірі (1644-1911 жылдар) кезеңіндегі қазақ-қытай байланыстары туралы кітаптар жарық көрген.

Қауіпсіздік және халықаралық ұйымдар

«Біздің ынтымақтастығымыз қауіпсіздік, экстремизмнің кез келген түріне, есірткінің таралуына қарсы тұру салаларында жолға қойылған», - деп атап өткен Мемлекет басшысы «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Қазақстан мен Қытайдың жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылы БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК (2014 жылдың мамырынан АӨСШК-ге Бейжің төрағалық етеді) сынды халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында орын алатындығын баса айтқан. Екі елдің мүддесі мен көзқарасы халықаралық күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелерде де ұқсас келеді.

Қазақстандық сарапшылардың атап өтуінше, Қытай өңірдің тұрақты болуына барынша мүдделі. Өйткені, бұл жайт біздермен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы тыныштықпен тікелей байланысты. Бұл ретте өңірдегі ірі экономикалық серіктес ретінде Қазақстан басты рөлге ие. Аталған бағытта Астана мен бейжің әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты еселеп, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуде, құқық қорғау органдырының өзара іс-қимылын күшейтуде.

Бейжіңдегі Жеңіс шеруі біріктіруші фактор

Ағымдағы жылы алғаш рет Қазақстанның әскери қызметшілері әлемдегі ең үлкен алаңның бірі Тяньаньмэньде шетелдік әскери қызметшілермен бірге сап түзеп өтетін болады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, РФ Президенті Владимир Путинмен және басқа да бірқатар мемлекеттік басшыларымен бірге аспан асты елінің астанасындағы географиялық орталығында орналасқан мінбеден шеруді бақылайтын болады. 3 қыркүйек күні Тяньаньмэнь алаңында Қытай қарулы күштерінің шамамен 50 эшалоны: 12 мың әскери қызметшісі мен 40 түрлі 500 техникасы жүріп өтеді. Әуеге 20 түрлі 200 ұшақ көтеріледі. Шеруге шығарылатын техниканың 84 пайызы алғаш рет көрсетілмек.

Айта кетерлігі, қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысының соңғы кезеңінде Қытайдың солтүстік-шығысына 1,5 млн. кеңестік қызыл армия жауынгері жіберілген болатын. Олар жапон басқыншыларына қарсы соғысып, Қытайдың жеңісін жақындатты және Жапонияның тізе бүгуіне өз үлесін қосты. Аталған кеңес Қызыл армиясының сапында Қазақстанның жән Орта Азияның басқа елдерінің батыр ұл-қыздары болған еді.

Екі ел ынтымақтастығының болашағы

Қазақстан мен Қытай өздерінің қарым-қатынасын үнемі нығайтып келеді. Сондықтан, жоғары деңгейдегі байланыстар сенім рухында екенін, мемлекет басшылары деңгейіндегі «сағат салыстырулар» мүмкіндігін паш етеді.

«Перспектива жайында айтар болсам, мен біздің қарым-қатынасымыздың дамуының өрлеп келе жатқан траекториясын көріп отырмын. Өзара іс-қимыл көлемін кеңейту және оларды жаңа сапалы мазмұнмен толықтыру біздерді көлік, өнеркәсіп, жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобалармен қамтамасыз етеді», - деген еді Н.Назарбаев «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар