Қазақстан мен Қытайдың арасындағы стратегиялық серіктестік қарқынды дамуда - Ө.Шөкеев
Ө.Шөкеев кіріспе сөзінде Қытай Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Ван Циньшанды Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комитеттің тең төрағалығына тағайындалуымен құттықтады және қонақжайлығы мен осынау іс-шараға жақсы әзірліктері үшін қытай тарапына алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьерінің айтуынша, 2008-2009 жылдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға үш рет сапар жасады: 2008 жылдың қаңтар және тамыз айларында, 2009 жылдың сәуір айында. 2008 жылы сондай-ақ екі ел үкіметтерінің басшылары да өзара сапар жасады. Осы аралықта сонымен бірге, ШЫҰ Мемлекет және Үкімет басшылары кеңесінің аясында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер де өтті.
«Осы келіссөздердің барысында келісімдерге қол жеткізілді және оларды сәйкес мемлекеттік органдар қазіргі таңда жүзеге асыруда. Бүгінгі отырыс барысында қолданыстағы келісімдерге тағы бір тоқталып өткім келеді», деп атап көрсетті Ө.Шөкеев.
Одан кейін Ө.Шөкеев, Ынтымақтастық жөніндегі комитетті төртінші мәжілісінің қорытындысы бойынша сәйкес кіші комитеттерге берілген тапсырмалар көрсетілген қорытынды хаттама қабылданғанын хабарлады. Өткен екі жылда барлық дерлік кіші комитеттердің, сондай-ақ Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы бірлескен комиссияның кезекті мәжілістері өтті.
«Осынау шаралардың қорытындысы бойынша, екіжақты қарым-қатынастардың даму қарқыны мен әлемдік нарықтағы өзгеріп отырған жағдайды ескере отырып, жаңа міндеттер қойылды. Бүгінде Комитеттің алдында осыған дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығару, жаңа мақсат-міндеттерді анықтау міндеттері тұр», деп атап көрсетті Ө.Шөкеев.