Қазақстан мен Қытайдың Мемлекеттік басқару академиялары ынтымақтастық туралы ортақ Келісім жасасуда

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік басқару академиясымен ынтымақтастық туралы Келісімді дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лэ Юйчэннің қатысуымен өткен «Елші сағаты» шарасында академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов айтты.

Қазақстан мен Қытайдың Мемлекеттік басқару академиялары ынтымақтастық туралы ортақ Келісім жасасуда

«Бізге қытайлық достарымыздың тәжірибесі өте қызықты. Осы жылдың қыркүйегінде біздің делегация ҚХР-на барып қайтты. Сонда біз ҚХР Мемлекеттік басқару академиясының басшыларымен кездестік. Сонымен қатар, біздің арамызда ортақ құжат дайындаймыз деген алдын ала келісімдеріміз бар. Солар болашақтағы тығыз қарым-қатынасымызды айқындайтын болады», - деп атап өтті Б.Әбдірәсілов.

Оның айтуынша, аталған Келісім Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қытай басқару академиясына ғылыми зерттеулер нәтижелерімен, оқу бағдарламалары және оқу-әдістемелік әзірлемелер алмасуға, оқытушылардың бірлескен жарияланымдарын, конференциялар мен семинарлар өткізуге септігін тигізетін болады.

«Бұл жерде ең басты бағыттардың бірі ұстаздарымыз бен ғалымдарымыздың арасындағы тәжірибе алмасу, бірлескен семинарлар өткізу, білім беру мен ғылыми-әдістемелік жұмыс төңірегінде бірлескен жобаларды іске асыру сияқты жұмыстар болмақ», - деп атап өтті ректор.

Кездесуде Академияның магистранттары, докторанттары, профессор-оқытушылар құрамы Елшінің «Қытай Коммунистік партиясының Орталық Комитеті 18-шақырылымының үшінші пленумы және Қытайдағы реформа мен ашықтықтың жаңа кезеңі» тақырыбындағы дәрісін тыңдады.