Қазақстан мен Латвия арасындағы сауда айналымын 500 млн. долларға жеткізу қажет - Н.Назарбаев

«Барлық деңгейде тұрақты және жемісті диалог орнап келеді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде де мемлекетаралық комиссия жұмыс істейді. Тек былтырғы жылдың ішінде екі елдің арасындағы тауар айналымы 50 пайызға өсті», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі 350 млн. долларға жетіп отыр. Кездесу барысында екі елдің Президенттері бұл көрсеткішті таяу аралықта жарты млрд. долларға жеткізу мәселесін қозғаған.
«Осы орайда қазақ-латыш бизнес форумының бүгін Астанада, ертең Алматыда өтуі екі елдің арасындағы бизнес қатынастарды нығайтады деп сенемін», - деді Елбасы.
Айта кетейік, 1993-2012 жылдары аралығында Латвиядан елімізге келген тікелей инвестиция көлемі 38,2 млн. АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда латвиялық капиталдық қатысуымен 138 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі сауда, қаржы ұйымдарына кеңес беру, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер саласында жұмыс істейді.