Қазақстан мен Латвия екі ел арасындағы сауда-экономикалық мәселелерді талқылайды
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - 27 маусымда Астанада Қазақстан-Латвия Үкіметаралық комиссиясының сауда-экономикалық жөніндегі төртінші отырысы өтеді.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, аталған отырыста Қазақстан тарапын Сыртқы істер министрілігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев басқарса, латыш тарапына Көлік министрі Айвис Ронис төрағалық ететін болады.
«Жиын барысында тараптар көлік және транзит, туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет және т.б. салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың даму бағыттарын талқылауды көздеп отыр», - деді ол.