Қазақстан мен Марокко қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды қабылдады.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

- Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек алу және көрсету мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған. Бұл Келісімге сәйкес тараптар өзара негізде және онда көрсетілген шарттарды сақтай отырып, қылмыстық істер бойынша бір-біріне құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді. Құқықтық көмек, егер сұрау салу жіберілген қылмыс екі тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын болып табылса ғана көрсетіледі, - деді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, келісімде құқықтық көмек туралы сұрау салудың нысаны мен мазмұны туралы нормалар қамтылған. Сондай-ақ сұрау салу бойынша құқықтық көмек беруден бас тарту немесе оны кейінге қалдыру үшін негіздер регламенттелген. Келісімнің жеке бабымен ақпараттың құпиялылығы және оны пайдалануды шектеу мәселелері реттелген.

Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңын қабылдады. Келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеуге бағытталған.

- Бұл келісімге сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын одан әрі өтеу үшін бір-біріне беруге міндеттенеді. Келісімде сотталған адамды беру туралы сұрау салуды беру рәсімі және оның мазмұны туралы нормалар қамтылады. Сонымен қатар, бір тараптың екінші тарапқа берген сотталған адамының үшінші тараптың аумағы арқылы транзитіне жол беріледі, - деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Бұған дейін Қазақстан мен Марокко қылмыс жасаған адамдарды бір-біріне ұстап беретіндігін жазған едік

Соңғы жаңалықтар