Қазақстан мен Мажарстан қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық тиімділігін арттырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
None
None

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы бұл келісімшарт екі елдің қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық тиімділігін арттыруға, қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген, жазаны өтеуден жалтаратын адамдардың мәселелерін қарастырады.

ҚР Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, аталған келісімді ратификациялау арқылы Қазақстанда қылмыс жасап, Мажарстанда жасырынып жүрген қылмыскерлерді қайтаруға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте тараптар қылмыстық қудалауды жүзеге асыру және ұстап беруге әкелетін қылмыстар үкімін орындау үшін өз аумақтарындағы іздеуде жүрген адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді.

«Келісімнің шарттарына сәйкес, қылмыскерлерді беру шарасы қылмыстық заңнамада қамтылған, екі мемлекетте де қылмыс деп танылатын қылмыстық әрекеттер үшін қарастырады, ал ұстап беруге қатысты жазалау санкциясы қылмыскер үшін 1 жылдан кем болмауы керек. Егер сұрау салған тарап қылмыскерді беру өзінің ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне залал келтіреді, сондай-ақ сұрау салынған қылмыс саяси қылмыс деп саналса, онда ондай тұлғалар берілмейді. Сонымен бірге егер іздеуде жүрген тұлғаға қатысты нәсілі, жынысы, діни көзқарасы, ұлты немесе саяси көзқарасы белгілері бойынша қылмыс жасалды деуге негіз болса да, қылмыскерлер берілмейді. Сонымен қатар екі мемлекетте де саяси баспана мәртебесін алған тұлғалар да берілмейді», - деді Иоган Меркель.

Жалпы алғанда Қазақстан дәл осыған ұқсас келісімдерді 12 мемлекетпен, соның ішінде Қытаймен, Кореямен, Испаниямен, Түркиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Үндістан және Ирак секілді елдермен жасасқан. Жақын келешекте осыған ұқсас келісімшарттар Сауд Арабиясымен, Вьетнаммен, Малайзиямен, Пәкістанмен, Бразилиямен және Еуропалық Одақтың басқа да елдерімен жасау көзделеді.

«Айта кетейін, кеше Мажарстан Премьерінің елімізге сапары аясында Қазақстан осы елмен құқықтық көмек көрсету туралы үшінші келісімді жасады. Осылайша, екі ел арасында құқықтық және сот өндірісіне қатысты құжаттық келісімшарттардың толық пакеті бар деп есептеуге болады», - дейді И. Меркель.

Соңғы жаңалықтар