Қазақстан мен Michigan State University академиялық ынтымақтастықты кеңейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ алаңында Michigan State University делегациясымен кездесу өтіп, тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттарын талқылады.
Делегация құрамында Titus Awokuse (ISP вице-провосты және деканы), Vlad Tarabara (Еуропа және Еуразия зерттеулері орталығының директоры), Amita Chudgar (Білім беру колледжінің халықаралық білім беру кеңсесінің қауымдастырылған деканы және директоры), Yadu Pokhrel (Asia Hub директорының орынбасары) және Xinyu Wu (VIPP бағдарламасының директоры) болды. Қазақстан тарапынан кездесуге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Басқарма төрағасы Адиль Кусманов Орталықтың негізгі басымдықтарын атап өтіп, инженерия, медицина, STEM бағыттары, жасанды интеллект және ядролық энергетика салаларына ерекше назар аударылатынын жеткізді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясындағы шетелдік университеттер тізімі пәндік бағыттар бойынша қалыптасатыны және QS World University Rankings пәндік рейтингтерінде топ-100 қатарына кіретін жоғары оқу орындары ескерілетіні айтылды.
— Тараптар қазіргі академиялық ынтымақтастық мәселелерін, соның ішінде қазақстандық студенттер мен зерттеушілердің Michigan State Universitубағдарламаларына қатысуын талқылады. Мәліметтерге сәйкес, Қазақстаннан 100-ге жуық өкіл MSU-де 15 бейіндік бағыт бойынша білім алып, ғылыми даярлықтан өткен, — делінген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ хабарламасында.
Бұл өз кезегінде тұрақты академиялық байланыстардың дамуына ықпал етуде. Michigan State University — халықаралық деңгейде беделді, көпсалалы зерттеу университеті, академиялық және ғылыми әлеуеті жоғары оқу орындарының бірі. Сондай-ақ халықаралық рейтингтік жүйелерді қолдану тәжірибесі қарастырылды.
Университет өкілдері QS, Times Higher Education және Shanghai Ranking жүйелерінің пайдаланылатынын, алайда соңғы жылдары пәндік рейтингтердің маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Кездесу барысында университеттің халықаралық әріптестікті өңірлік академиялық платформалар арқылы дамытып отырғаны айтылды.
Бұл тұрғыда Орталық Азия стратегиялық маңызды өңір ретінде қарастырылып, Қазақстан негізгі серіктес елдердің бірі екені ерекше аталды. Тараптар ғылыми ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын да атап өтті.
Соңғы жылдары бірлескен ғылыми жарияланымдар мен жобалар жүзеге асырылып, халықаралық бағдарламалар түлектері, соның ішінде «Болашақ» стипендиаттары, университеттің ғылыми және академиялық қызметіне белсенді түрде қатысып жүр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын дамытуға, сондай-ақ академиялық алмасуларды күшейтуге өзара мүдделілік білдірді.
Айта кетейік, Беларусь Республикасының жоғары оқу орындарында білім алуға құжат қабылдау басталады.