Қазақстан мен Моңғолия арасында өзара тауар саудасына тарифтер алынбайды

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия бұл бағытта бес мемлекетпен үшжылдық келісім жасасқан. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Бұл жөнінде Моңғолия президентінің кеңесшісі Байарсайхан Джавкхлан Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Қазақстан мен Моңғолия арасында өзара тауар саудасына тарифтер алынбайды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Моңғолия президенті Қазақстанға 20 жылдан кейін мемлекеттік сапармен келіп отыр. Осы сапар аясында, екі мемлекеттің Үкіметтері 13 келісімге қол қойды. Ал бизнес форумға Моңғолиядан жүзге жуық бизнес өкілі келді. Олар — құрылыс, логистика, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнеркәсібі, энергия т. б. салаларда кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар, — деді ол.

Сонымен қатар, Моңғолия президентінің кеңесшісі екі ел арасындағы тауар айналымы үдерістері жеңілдейтінін атап өтті.

— Моңғолия бес мемлекетпен келісім жасасып жатыр. Олар — Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения. Бұл мемлекеттермен Моңғолия арасындағы экспортта да, импортта да үш жыл бойы тарифтер алынбайды. Бұл елдеріміздің арасындағы тауар айналымын өсіруге зор ықпал етеді деп ойлаймын, — деді ол.

Айта кетейік, осы бизнес форумда Серік Жұманғарин да ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісіміне қол қойылғанын мәлімдеген еді.