Қазақстан мен Моңғолия медиа саладағы ынтымақтастықты нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі елдің ірі медиахолдингтері арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан мен Моңғолия медиасаладағы ынтымақтастықты нығайтады
Фото: Kazinform

Құжатқа ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева және Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары (MNB) бас директоры Герель Ганхуяг қол қойды.

Атап айтқанда, меморандум медиа саладағы әріптестікті дамытуға негіз қалайды. Тараптар бірқатар маңызды бағыттар бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге уағдаласты.

— Медиа контент алмасу, бірлескен жобалар өндіру, мамандардың тағылымдамадан өтуі мен біліктілігін арттыру, сондай-ақ медиа өнімдерді ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, құжатта онлайн-платформалар, әлеуметтік желілер және мультимедиалық өнімдерді қамтитын заманауи цифрлық форматтар бойынша ынтымақтастықты дамыту қарастырылған. 

Сондай-ақ екі елдің туристік, мәдени және экономикалық әлеуетін танытуға бағытталған бірлескен медиажобаларға ерекше мән берілген.

Айта кетейік, ҚР Президентінің телерадиокешені — Мемлекет басшысының қызметін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ететін ірі медиа құрылым. Оның құрамына «Jibek Joly» телеарнасы мен радиосы, Деректі кино орталығы, сондай-ақ алты тілде ақпарат тарататын «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі кіреді.

Ал Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары (MNB) — елдегі жалғыз қоғамдық хабар таратушы әрі ең ірі медиакомпания. Оның құрамында алты телеарна, оның ішінде тәулік бойы хабар тарататын MNB News ақпараттық арнасы, сондай-ақ төрт радиостанция бар. Соның ішінде жеті тілде хабар тарататын «Моңғолия дауысы» радиосы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, компанияның жекелеген бағдарламалары қазақ тілінде де дайындалады.

Еске сала кетейік, Президент телерадиокешені Сербияның жетекші ақпарат құралдарымен серіктес атанған еді.