Қазақстан мен Моңғолияның тауар айналымын 500 млн долларға жеткіземіз – Батцэцэг
ҰЛАНБАТЫР. KAZINFORM – Қазақстан мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлері көлік-логистика саласындағы кедергілер мен қиындықтарды жою, жаңа көлік бағыттарын құру, әуе рейстерінің санын арттыру, азаматтар арасындағы өзара сапар ағынын көбейту, импорт пен экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге уағдаласты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

− Бұл сапар бірегей оқиға, себебі бұл Қазақстанның сыртқы істер министрінің 2006 жылдан бергі, яғни соңғы 19 жыл ішіндегі алғашқы ресми сапары. 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға жасаған сапары сәтті өткенін және екі ел арасындағы қатынастар жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткеніміз жөн. Мемлекеттік сапар аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған үкіметаралық құжаттарға қол қойылды, − деді Батмунхийн Батцэцэг Моңғолия Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгінгі сыртқы істер министрлері арасындағы ресми келіссөздер іскерлік және сындарлы атмосферада өтті. Келіссөздер барысында екі ел басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы талқыланған.
Сондай-ақ, Моңғолия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті алдағы жылдары кеңейту және дамыту мәселелері бойынша пікір алмасқан.
− Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен өзара қатынастарды кеңейту және дамыту аясында жоғары және аса жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздердің тұрақтылығын арттыруға келістік. Елдеріміздің өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты жандандыру үшін зор әлеуетіне сүйене отырып, барлық салада бірлескен жұмысты жандандыруға уағдаластық. Мысалы, мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес, тауар айналымын 500 миллион АҚШ долларына дейін арттыру мүмкіндіктері мен ресурстары талқыланды, − деді моңғолиялық министр.
Осы орайда екіжақты сауда аясында тауарлар мен өнімдер номенклатурасын кеңейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланған.
Сонымен бірге, екі ел арасындағы екіжақты қатынастардың символына айналуы мүмкін бірлескен жобаларды қолдау және оларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеу қажеттігі жөнінде ортақ пікір қалыптасты. Бұл жобалар Моңғолияның табиғи ресурстары, жүн және былғары өнеркәсібі негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
− Сауда-экономикалық, ғылыми, мәдени және техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық үкіметаралық комиссияның жұмысы белсенді дамып келеді, әрі осы механизмді тиісті мәселелерді талқылау үшін тиімді пайдалануды жоспарлап отырмыз. Екіжақты әріптестікті кеңейту аясында көлік-логистика саласындағы кедергілер мен қиындықтарды жою, жаңа көлік бағыттарын құру, әуе рейстерінің санын арттыру, азаматтар арасындағы өзара сапарлар ағынын көбейту, импорт пен экспорт көлемін ұлғайту, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді, − деді Батмунхийн Батцэцэг.
Туризм, мәдениет және білім беру салаларында іс-шаралар өткізу, сондай-ақ көшпенді мәдениетке негізделген дәстүрлерді сақтау жөнінде де уағдаластыққа қол жеткізілді.
− Табиғатты және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұлттық бастамаларға сәйкес, Қазақстан мен Моңғолия бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігі жөнінде ортақ ұстанымда. Елдеріміз БҰҰ құрылымдары мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында әрдайым белсенді ынтымақтасып, бір-бірін қолдап келеді. Біз бұл бағыттағы ұстанымымызды сақтай отырып, стратегиялық серіктестік деңгейінде ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмысымызды жалғастыру ниетімізді растаймыз, − деді Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі.
Айта кетейік, бүгін Моңғолия Сыртқы істер министрінің шақыруымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ұланбатырға ресми сапармен келді. Екі елдің министрлері келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынастардың қай бағытта өрбитіні жөнінде мәлімдеме жасады.
Сонымен бірге, осы ресми сапар аясында Моңғолиядағы қазақ диаспорасына қазақ ақын-жазушыларының 5 мың дана кітабы жеткізілді.