Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы саудада жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесі артып келеді. Сауданың дамуы туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтып берді.

- Орталық Азия – елеулі әлеуетке ие. Өңір халқының жиынтық саны 81 миллионнан асады және тұрақты өсіп отыр. Халықаралық көрмеге Орталық Азия елдері, Каспий жағалауы елдері, Қытай, Ресей және Еуропалық Одақ елдері қатысып отыр. Бұл Қазақстан мен жалпы өңірге деген сенім. Қазақстан өңірде транзиттік және сауда торабы. 2024 жылы Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд АҚШ долларына жетті, - деді Арман Шаққалиев елордада өтіп жатқан EXPO Goods Central Asia алғашқы халықаралық форум-көрмесінде.

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы саудада жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесі артып келеді.
- Бұл өзара сауданың және өңірдің неғұрлым тұрақты дамуының кепілі. Біз заманауи сауда инфрақұрылымын дамытуға, электронды сауданы дамытуға және қазақстандық бизнестің халықаралық нарыққа шығу аясын кеңейтуге ерекше назар аударамыз. Мемлекет пен бизнес қоғамдастығы инновация, цифрландыру және тұрақты эко жүйені құру үшін бірлесіп жұмыс істеп жатыр, - дейді ол.

Айта кетейік, елордада EXPO Goods Central Asia атты 159 отандық және халықаралық сауда маркасының қатысуымен көрме және форум өтіп жатыр.