EXPO Goods Central Asia: 159 отандық және халықаралық сауда маркасы елордаға жиналды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада EXPO Goods Central Asia алғашқы халықаралық форум-көрмесі өтіп жатыр.

«EXPO» көрме орталығында ұйымдастырылған айтулы шараны Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ашты.
- Бүгінгі іс-шара өңірлік және өңірден тыс сауда-экономикалық байланысты нығайтуға бағытталған бастама. Көрме жыл сайынғы беделді заманауи сауда және ынтымақтастық алаңына айналады деп сенеміз. Форум мен көрме сала көшбасшылары, тауар және қызмет мамандары, өндірушілер мен жеткізушілердің басын қосып отыр, - деді министр форумның ашылу салтанатында.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Пәкістан, Иран, Латвия және Эстония сынды 9 елден 159 сауда компаниясы қатысып жатыр. Форумға бизнес, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бөлшек сауда желілері, электрондық коммерция, сондай-ақ HoReCa секторының өкілдері келіп отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, EXPO Goods Central Asia – өңірлік күн тәртібіндегі маңызды оқиға, халықаралық деңгейде қызығушылық тудырды.
Көрмеден бөлек, «Astana International Trade Forum» форумы өтіп жатыр. Оған Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі доктор Голамреза Нури, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин, сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхатти қатысты.

Көрмеде 3000 шаршы метрді алып жатқан Цзянсу провинциясының павильоны, Jiangsu Soho Holding Group (ҚХР), Jiangsu Soho халықаралық сауда маркасының өнімдері ерекше көзге түседі.
Аталған сауда маркалары инвестиция, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді. Сауда маркалары 380-нен астам компанияны біріктіреді, 20 000 қызметкері бар, 160-тан астам елге экспорт жүргізеді және 24 Қытай–Еуропа теміржол маршрутын басқарады. Жылдық айналымы 100 миллиард АҚШ долларынан асады.

EXPO Goods көрмесіне әлемдегі жетекші электрондық коммерция және бөлшек сауда компаниялары белсене қатысып жатыр. Қатысушылар қатарында Alibaba, Wildberries, Lamoda сияқты компаниялармен қатар, өзге де трансұлттық платформалар мен желілердің өкілдері бар.
Айта кетейік, бүгінде елімізде электрондық коммерция нарығы, яғни онлайн сауда өсіп келеді.