Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы маңында тату көршілікті қалпына келтіру үшін тиісті келіссөздер жүргізілсе игі - Қ. Айтаханов
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы маңында тату көршілікті қалпына келтіру үшін тиісті келіссөздер жүргізілсе игі.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы ынтымақтастығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жетпіс жылдан астам бір мемлекетте өмір сүріп, етене араласып, енді тәуелсіз ел болып дамып келе жатқан мемлекеттер үшін аталған конвенцияның маңызы зор. Конвенцияның 7-ші бабында «шекаралық сауда-саттық, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, трансшекаралық өзендерді, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, шекара маңы аудандарында тұратын отандастарымызға гуманитарлық байланыстарды сақтауға қолдау көрсету, еңбек нарығын қалыптастыру» секілді бағыттар бойынша өзара іс-қимыл жүзеге асатыны көрсетілген. Бұл өте орынды, ежелден көршілес отырған қарапайым азаматтарға ең маңызды және қажетті мәселе. Біздің мақсатымыз көршілес мемлекеттердің заң талаптарын құрметтей отырып, қарапайым адамдар арасында достық пен туысқандықты тереңдету болып табылады. Бірақ, бір мәселеге ерекше тоқталғым келіп отыр. Мен Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы маңында тұрып жатқан қандастарымыздан бірнеше хат алдым. Хаттар Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданы Мақталы ауылы округінің, Жайлаукөл, Шолпанқұдық, Алмалы, Жібек жолы, Қызылқұм ауылы округтерінің, Қостақыр, Шардара ауданының Арнасай бөгеті ауылы тұрғындарының атынан келген. Хатқа үш мыңнан астам ауыл тұрғындарының атынан 31 адам қол қойған», деген сенатор хатта жазылған жұрттың жанайқайынан аздаған үзінді келтіріп өтті.
Аталмыш хаттың бірінде : «Біздер Шардара ауданы Арнасай бөгені елді мекенінің тұрғындары, ежелден Қазақстанда тұрамыз. Осындағы 600-ден астам тұрғын бүгінгі таңда аса ауыр халді бастан кешіп отыр. Екі ел арасында шекара орнаған сонау 2002 жылдан бастап баяғы бейбіт өмір көзден «бұлбұл» ұшты. Әсіресе, былтырғы жылы тынысымыз тіптен тарыла түсті. Себебі, алақандай ауылымыз қыспаққа қалып отыр. Бір шетіміз - Шардара су қоймасы, екінші жағымыз - Өзбекстан. Ауыл тұрғындары балаларын теңізді айналдыра Шардараға апарып оқытады. Жолдың машақаты айтпаса да түсінікті. Ал қоршауда қалған ауыл тұрғындары қадам басса, шекара бұзды деген бәлеге қалуда. Мал қарап шықсақ та, жолда тоқтап тұрсақ та, тіпті судан балық ауласақ та өзбектің әскерлері ауыл ішіне баса-көктеп, жастардың қолын артына қайырып қылмыскерді ұстағандай әкетеді», делінген.
Осыған орай, сенатор бүгінгі қабылданған конвенцияға Өзбекстан тарапы қол қоймағанын, бірақ екі елдің арасындағы мәңгілік достық келісімшарттары және үкіметаралық келісімдері де бар екендігін айтып, бұл мәселеге терең талдау қажеттігін атап өтті. «Сыртқы істер министрлігі, қажетті органдар көршілес елдердің ведомстволарымен келіссөздерді жандандырса, мәселені ушықтыра бермей бір қалыпқа түсірсе деген ұсынысым бар. Сол үшін атыма келген хаттардың барлығын Сыртқы істер министрлігіне жолдаймын», деді Қ. Айтаханов.