Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі салынып жатыр

Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол желісі 2027 жылы пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақ Өзбек
Фото: Kazinform

«Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жаңа теміржол желісін іске қосу «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және Өзбекстанға экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

— Бұл мақсатта «Қазақстан темір жолы» 286 млрд теңгеге инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Дарбаза-Мақтаарал жаңа желісі Түркістан облысының екі шалғай ауданын, атап айтқанда Мақтаарал мен Жетісайды Қазақстанның басқа аймақтарымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 203 шақырым жолдың шамамен 100 шақырымына рельс-шпалды тор төселді, — делінген «ҚТЖ» компаниясы таратқан хабарламада.

Жобаға 46 техника мен 70-тен астам адам жұмылдырылған. Компаниядан атап өткендей, құрылыс кезеңінде 3 400 уақытша жұмыс орны құрылады. Ал желі қолданысқа берілетін 2027 жылы 500-ден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.

Еске салайық, 2024 жылдың 11 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы $3,8 млрд асты.

Соңғы жаңалықтар