Қазақстан мен Пәкістан арасындағы парламентаралық ынтымақтастық байланыс мәселелері сөз болды
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Пәкістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммад Ахтар Туфаиль мырза Мәжіліс үйіне келді. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалевпен жүздесті.
Әңгіме барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастық жайлы ойларын ортаға салды. Мәжілісте Пәкістанның заң шығару органымен арадағы достық тобы құрылған. Осы депутаттық топтар шеңберінде парламенттік қызметтің тәжірибесімен бөлісуге болатыны айтылды. «Біздер шекаралас жатқан елдер емеспіз. Дегенмен алдағы уақытта байланысымызды нығайта түсу үшін Астана мен Исламабад арасында әуе қатынасы орнаса, екі елге де тиімді болар еді», - деді Виктор Рогалев.
Сонымен қатар кездесуде ұлтаралық келісім, лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес мәселелері сөз болды. Үстіміздегі жылы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік ететіні, осы орайда ислам елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға басты назар аударылатыны айтылды.