Қазақстан мен Польша арасында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның хаттамасына қол қойылды

АСТАНА.  17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан мен Польша арасындағы үкіметаралық комиссияның төртінші отырысы болып өтті. Отырыс қорытындысына сәйкес, тараптар екіжақты хаттамаға қол қойды.

Қазақстан мен Польша арасында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның хаттамасына қол қойылды

Жиын барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың оң серпінін атап өтті.  Бұдан бөлек, тараптар отырыс барысында Польша экономикасы да Қазақстанның экономикасы секілді әлемдік экономикалық дағдарысқа жемісті қарсы тұра білгенін және бұдан ары да табысты дами түсуге әлеуеттің жеткілікті екендігіне тоқталды.

«Дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылы ішінде Қазақстан аумағында қызмет ететін Польша кәсіпкерлері өздерін сенімді әріптес ретінде көрсете алды. Сонымен бірге, Польша экономикасына қатысып отырған қазақстандық бизнес өкілдерінің саны да артып келеді», - деп атап өтті Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы  Рапіл Жошыбаев.

Астанада өткен үкіметаралық комиссияның отырысының қорытындысына сәйкес, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-польшалық үкіметаралық комиссияның төртінші отырысының хаттамасына қол қойылды. Бұған ҚР Сыртқы істер министрінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев пен Польша Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика министрі   Вальдемар Павляк қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Польша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі агенттігі арасында 2012-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламасына қол қойылады.