Қазақстан мен Ресей арасында 99 мыңнан астам жолаушы қатынады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол бағыттарымен 99 мыңнан астам жолаушы сапарға шықты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл бағыттағы жалпы жолаушылар ағыны шамамен 300 мың адамға жеткен.

пойыз
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

Бүгінде екі ел арасында ірі қалаларды байланыстыратын 8 халықаралық жолаушылар бағыты қатынайды.

Қолданыстағы бағыттар:

1. №7/8 «Алматы-2 — Саратов» — күн ара

2. №83/84 «Қарағанды — Мәскеу» — аптасына 2 рет

3. №113/114 «Алматы-2 — Қазан» — аптасына 1 рет

4. №145/146 «Нұрлы жол — Омбы» — аптасына 3 рет

5. №301/302 «Алматы-2 — Новосібір» — күн ара

6. №325/326 «Атырау — Астрахань» — күн ара

7. «Алматы — Мәскеу» қатынасындағы тіркемелі вагондар — күн ара

8. №407/408 «Локоть — Риддер» — Ресей тарапынан қалыптастырылатын пойыз белгілі күндер бойынша қатынайды.

Жолаушылар арасында Астана — Омбы, Алматы — Новосібір, Алматы — Қазан және Қарағанды — Мәскеу бағыттарына сұраныс жоғары. Бірқатар халықаралық бағытта отандық RWS Wagon зауытында шығарылған жаңа вагондар пайдалануға берілді. Бұл жолаушыларға жайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және алыс бағыттардағы сапарды қолайлы етуге мүмкіндік берді.

Жаңа жолаушылар вагондары кондиционер жүйелерімен, биодәретханалармен, заманауи жатын орындармен, USB қосқыштарымен, жақсартылған дыбыс оқшаулау жүйесімен, бейнебақылау камераларымен, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арналған купелермен жабдықталған.

Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы теміржолдық өзара іс-қимыл оң қарқын көрсетті. Тасымалдың жалпы көлемі 92,1 млн тонна болса, бұл 2024 жылғы деңгейден 3,5% жоғары.

Көрсеткіштердің өсуіне транзиттік операциялар негізгі үлес қосты. Онда ресейлік жүктердің Қазақстан аумағы арқылы экспорты 16,1% ұлғайып, 17,3 млн тоннаға жетті. Ал қазақстандық жүктердің Ресей арқылы транзитпен экспорты 20,4% өсіп, 21,5 млн тонна болды. Жүк ағындарын дамытудың негізгі факторы 2025 жылы қарашада Мәскеуде қол қойылған Теміржол көлігімен транзиттік тасымалдау туралы үкіметаралық келісім болды. Ол қазірдің өзінде практикалық нәтиже көрсетіп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін жағдай жасайды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәліметінше, қабылданған шаралардың тиімділігін 2026 жылдың 4 айының нәтижесі растайды: қазақстандық жүктердің экспорты (көмір, қармет, тыңайтқыштар) Ресей Федерациясы арқылы транзитпен 70 мың тоннаға артып, 7 млн тоннаға жетті. Ал ресейлік жүктер (мұнай өнімдері, қармет, астық, азық-түлік) Қазақстанға/арқылы көлемі 20 % өсіммен шамамен 12 млн тоннадан асты.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 16% артқанын жазған болатынбыз.