Қазақстан мен Ресей бірлескен жобаларды 30 млрд долларға дейін ұлғайтпақ
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Жайық арена» спорт кешенінде Қазақстан колледждері мен кәсіпорындарының көрмесі өткізілді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің мәлім еткеніндей, Жұмысшы мамандықтары жылына арналған биылғы форумға елімізден 14 колледж қатысып жатыр. Соның төртеуі Батыс Қазақстан облысынан.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жылдан астам уақыт бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ал Батыс Қазақстан облысында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұдан 19 жыл бұрын, 2006 жылы үшінші форум өткізілген. Мұндай басқосудың берері көп.
— Екі мемлекеттің арасында экономикалық және сауда байланысы артып келеді. Оған дәлел — соңғы үш жылда облыстың Ресеймен сыртқы сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінде өңірде шетелдіктердің қатысуымен 2 мыңнан астам компания жұмыс істесе, соның 50 пайызы — ресейлік компаниялар. Қазіргі таңда өңірдегі барлық колледж ірі кәсіпорындармен дуальды оқыту арқылы тікелей байланыста. Соның нәтижесінде студенттер теориялық білімдерін нақты іспен дәлелдеп, мемлекетімізге қажет мамандар даярланып жатыр. Мемлекет басшысының қолдауымен Ресеймен шекарадағы өңіріміздегі ең ірі «Сырым» автомобиль өткізу бекетін биыл жаңғырту жұмыстары басталды. Алдағы жылы «Тасқала» бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл тек логистикалық тиімділікті арттырып қана қоймай, екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға, сауда ағынын арттыруға және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді, — деді облыс басшысы.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев форум экономикадан бастап гуманитарлық, ғылыми және мәдени байланыстарға дейін барлық саланы қамтитынын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі көрмеден энергетика, көлік, логистика, IT-сектор, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу секілді салалардағы Қазақстанның озық технологияға негізделген кәсіпорындарының жетістіктерін көруге болады. Қатысып жатқандардың басым бөлігі — жастар. Осындай көрме арқылы ресейлік көршілер қандай бағытта байланысты дамытуға болатындығын көре алады.

— Ресей сауда-экономикалық саладағы негізгі стратегиялық әріптес болып қала береді. Соңғы бес жылда тауар айналымы 50 пайыздан астамға артты. Өткен жылы 28 млрд АҚШ долларынан асты. Таяу уақытта тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 4,4 млрд долларға 14 жоба мәресіне жетті. Алдағы уақытта 30 млрд астам долларға 30-дан астам жоба қолға алынбақ. Бұл салықтық түсімді молайтып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, екі елдің әлеуетін пайдалана отырып, білім беру саласында да бірлескен жобалар іске асырылуда. 50 мыңнан астам қазақстандық студенттер Ресей Федерациясында білім алып жатыр. Сол секілді 2 мыңдай ресейлік жас Қазақстанда оқып жатыр. Мұның бәрі біздің байланыстарымыздың бұдан былай да нығая түсетіндігін көрсетеді, — деді Арман Шаққалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Қазақстан-Ресей кәсіпкерлері өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылағанын жазған едік.