Қазақстан мен Ресей саудасы рекордтық деңгейге жетті – Министрдің Мәскеуге сапары қалай өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен Мәскеуге ресми сапармен барды. Қос тарап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында барлық саладағы ынтымақтастықты бір пысықтады. Бұл сапар екі елдің достығы мен одақтастығын нығайтып, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы бірлескен жобаларды кеңейтуге тың серпін берді.
Министрдің алғашқы ресми сапары
Ермек Көшербаев 2020-2023 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болған еді. Ал бүгін оны жаңа лауазымда әуежайда РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, Қазақстандағы РФ елшісі Алексей Бородавкин және РФ Сыртқы істер министрлігінің Бас консулдық басқармасы директорының орынбасары Александр Прусов қарсы алды.
– Бүгінгі кездесу – тағайындаудан кейінгі алғашқы ресми сапарым және ол біздің мемлекеттер арасындағы жоғары деңгейлі өзара сенімді және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ортақ ұмтылысымызды растайды. Оның дәл бүгін өтуі де тегін емес, осыдан 33 жыл бұрын, 1992 жылдың 22 қазанында Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қатынастар орнаған еді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап қалыптасқан тату көршілік, сенім мен көпқырлы өзара іс-қимыл саясатының сабақтастығын айқындайтын символдық сәт, – деді Ермек Көшербаев кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша брифингіде.
Өз кезегінде РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл сапардың көп нәрсе аңғартатынын, Ресей мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің, одақтастық пен интеграциялық ынтымақтастықтың басымдығын айқын көрсететінін атап өтті.
– Ермек Беделбайұлы Көшербаев қазіргі Ресейді жақсы біледі, ол Мәскеуде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде қызмет атқарды. Біз әрдайым оның одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесі үшін жоғары бағалайтынбыз. Оның жетекшілігімен Қазақстанның сыртқы саяси қызметі Ресей мен Қазақстанның жан-жақты ынтымақтастығын нығайту мен әрі қарай дамытуға зор үлес қосуды жалғастыратынына еш күмән жоқ, – деді Сергей Лавров.

Министрдің бұл сапары екі ел үшін маңызды даталарға, мерейтойларға, құттықтауларға толы болды. Биыл Қазақстан мен Ресей Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын, Мемлекеттік шекара туралы шарттың 20 жылдығын және Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығын атап өтеді. 22 қазанда Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 33 жыл толды.
Ресейлік министр Сергей Лавров 25 қазан – Қазақстанның Республика күнімен, Ермек Көшербаевты жаңа тағайындауымен құттықтады. Тіпті қазақстандық делегациямен кездесу әкімшілік ғимаратта емес, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Салтанатты қабылдау үйінде өтті.
Сонымен бірге, қазақстандық министр Қызыл алаңдағы Александр саябағында белгісіз сарбаз қабіріне гүл шоғын қойды.
Президенттер дипломатиясы тұтас ынтымақтастыққа серпін береді
Министрлер келіссөзінде биыл 12 қарашада өтетін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сергей Лавров бұл кездесуге толыққанды дайындық жүріп жатқанын, оның шын мәнінде халықаралық ауқымдағы оқиғаға айналатынын жеткізді.
– Осыдан бір жыл бұрын, 2024 жылғы қарашада Президент Путин мемлекеттік сапармен Астанада болды. Арадағы 12 айда біздің көшбасшыларымыз бірнеше рет жеке кездесті. Биылдың өзінде жоғары деңгейде төрт кездесу өтті. Ай сайын, тіпті одан да жиі телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Көшбасшылар дипломатиясы тұтас орыс-қазақ ынтымақтастығына қажетті қарқын береді және бүгін біз Ермек Беделбайұлымен серіктестіктің қазіргі жағдайы мен болашағын талқыладық. Біздің елдер арасында ынтымақтастықтан тыс қалған ешбір сала жоқ, – деді РФ Сыртқы істер министрі.

Қазақстан мен Ресейді стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар байланыстырады, олар көпжылдық достық пен өзара түсіністік дәстүрлеріне негізделген.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин арасындағы сенімді байланыстар екіжақты қатынастарды дамытуда маңызды рөл атқарады. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог елдеріміз арасындағы тұтас ынтымақтастыққа қарқын мен бағыт беріп, ортақ бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуге мүмкіндік жасайды. Мемлекеттер басшыларының жетекшілігімен өзара іс-қимылдың сындарлы әрі прагматикалық үлгісі қалыптасты. Бүгінде ол сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті, көлік пен логистиканы, энергетиканы, өнеркәсіптік кооперацияны және мәдени-гуманитарлық саланы түгел қамтиды, – деді Ермек Көшербаев.
Екі ел министрлері өңірлік және халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты. Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, ТМД, ШЫҰ, БҰҰ сияқты көпжақты құрылымдардағы өзара іс-қимылға оң баға берді.
Сауда көлемі рекордтық деңгейге жетті
Тараптар өңіраралық және шекара маңы байланыстарын нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, өнеркәсіп, энергетика, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі қарастырды. Бұл бағыттар тұрақты өндірістік байланыстарды қалыптастыруға және азық-түлік пен энергетикалық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретіні аталып өтті.
Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы соңғы жылдары рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Сондай-ақ, өткен жылы Ресей Қазақстан экономикасына 4 млрд доллар көлемінде инвестиция салып, ең ірі инвестор атанды.

– Ресей Қазақстан үшін жетекші сауда және инвестициялық серіктес болып қала береді. 2024 жылы өзара тауар айналымы 28 млрд доллардан асып, жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Биыл да бұл көрсеткіш кем болмайды деп ойлаймын. Енді екіжақты сауданы 30 млрд долларға дейін жеткізу жөнінде биік міндет қойылды. Бұл үшін байланыстарды жандандырып, барлық тосқауылды жоюымыз қажет, – деді Ермек Көшербаев.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы $28 млрд-қа жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға ұлғайған еді.
Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы Ресейдің үлесі 20%-ға жетіп, 2023 жылғы көрсеткіштен 19% асып түсті. Бұл ретте Ресейдің Қазақстан импортындағы үлесі 28%-дан 31%-ға дейін өсті.
Ал биыл Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бастамалар портфелінде 171 жоба бар, олардың жалпы сомасы 53 млрд доллардан асады. Бұл көрсеткіш 2019 жылы қол қойылған Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жол картасында белгіленген бастапқы жоспарлардан алты есе көп.

Оралдағы өңіраралық форум жұмысшы мамандықтарға арналады
Сонымен бірге, сыртқы саяси ведомство басшылары 12 қарашада Қазақстанның Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің 21-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы туралы оң пікірлер айтты. Қос мемлекет өнеркәсіп, көлік және энергетика салаларында бірлескен жобаларды белсенді түрде дамытып келеді. Әрі екі елдің аймақтары мен іскер топтары арасындағы кооперациялық байланыстар күшейіп, тақырыптық форумдар жиі ұйымдастырыла бастаған.
Бұрын бұл форумдар негізінен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарының форумдары ретінде өтсе, қазір бұл өңіраралық ынтымақтастықтың бір формасы болып қалыптасты.
– Оралда өтетін өңіраралық форум «Жұмысшы мамандықтары – экономика өсімінің драйвері» тақырыбына арналады. Қазақстанда 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Біз бұл тақырыпты белсенді түрде ілгерілетіп келеміз. Біз үшін, әсіресе жастар арасында еңбек мамандықтарына қызығушылық тудыру өте маңызды, өйткені қазір диплом алу үшін ғана оқып, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер жиі кездеседі. Бұл үрдіс көптеген елдерге тән және басқа мемлекеттерде де еңбек мамандықтарына үлкен мән беріліп жатқанын көріп отырмыз, – деді Е. Көшербаев.
Оның айтуынша, электриктер, сантехниктер, ағаш шеберлері сияқты мамандар барлық уақытта қажет болады. Зауыттар да роботтандырылғанына қарамастан, жұмысшыларға мұқтаж, тіпті ондағы жұмысшылардың деңгейі инженерлердің деңгейіне сәйкес келеді.
АЭС, Каспий, Байқоңыр
Ресей Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарында және Қазақстан экономикасына ірі инвестор саналады. Бұл ретте жылу және гидроэнергетикадағы бірлескен жобалар арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көп көңіл бөлініп отыр.
– Біз ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясын республикадағы бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумның көшбасшысы етіп таңдағанын құптадық. Мен әріптесіме осы саладағы барлық міндеттемелерімізді әділ орындауға дайын екенімізді растадым. Өз мерзімінде және толығымен, – деді С. Лавров.

Ресейлік СІМ басшысы қазір бейінді ведомстволар желісі бойынша техникалық және қаржылық параметрлерді, сондай-ақ заң тұрғысынан пысықтау жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей жетінші Каспий саммитін 2026 жылғы 12 тамызда Иран астанасы Тегеранда өткізу бастамасын қолдады. Министрлер Каспий теңізіндегі бірлескен жұмысқа сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті. Каспий маңындағы бес мемлекет теңізге қатысты мәселелерді шешуде айрықша құзыретке ие, өңірдегі орнықты даму, ондағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауапты деген пікірге тоқталды.
Бұдан бөлек, Сергей Лавров «Бәйтерек» жобасы аяқталу сатысына жақын екенін хабарлады. Бұл жоба Қазақстанда ұлттық ғарыш бағдарламасын құруға ықпал ететінін, перспективалы зымыран тасушы «Союз 5»-ті бірлесіп ұшыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қазақстан мен Ресей бірлескен мектептер ашады
Білім саласында екі елдің университеттері арасындағы ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді. Мәселен, Ресейде білім алып жүрген шетелдік студенттердің басым бөлігі, яғни 60 мыңға жуығы – қазақстандықтар. Елімізде де 60-тан астам жоғары оқу орны Ресейдің білім беру мекемелерімен әріптестік байланыс орнатқан.
– Біз мәдени-гуманитарлық байланыстарға жоғары баға бердік. Қазақстан Республикасындағы ресейлік оқу орындарының филиалдар желісін дамытуды және биыл басталған қазақстандық филиалдың да ашылу процесін талқыладық. Мәселен, қыркүйек айында Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы есігін айқара ашты. Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей аумақтарында бірлескен мектептер құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Сергей Лавров.
Өз кезегінде қазақстандық министр Омбыдағы ҚазҰУ филиалын ашуға қолдау көрсетіп, барлық жағдай жасалғанына алғыс айтып, онда тиісті гранттар бөлу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.
– Ресей мен Қазақстан университеттері ректорларының форумы сияқты іс-шаралар пікір алмасуға, тәжірибе жинауға және жаңа келісімдер жасауға ықпал етеді. Бұл саладағы ынтымақтастықта әсіресе екі елде жоғары оқу орындарының зерттеу бағыттарына үлкен мән беріледі, өйткені бұл ғылым мен білімнің екі ел экономикасына қосатын үлесін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Е. Көшербаев.
Келіссөздер қорытындысында министрлер Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды сенім, серіктестік және тату көршілік рухында тұрақты дамытуға деген ортақ ұмтылысын тағы да растады.
Айта кетейік, кеше Сергей Лавров Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапары халықаралық ауқымдағы оқиға деген еді.